Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында төрағаның орынбасары Нұрлан Әбдіров автожол саласындағы проблемаларды көтеріп, үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
Жыл сайын республикалық бюджеттен автожолдарды күтіп ұстауға және жөндеуге қомақты қаражат бөлініп келсе де, еліміздің өңірлерінде автомобиль жолдарының жағдайы мен олардың сапасы жиі сынға ұшырауда.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің нұсқасы бойынша үздік және нашар жолдары бар елдер рейтингісінде 2019 жылы Қазақстан 100-ден 43,2 балл жинап, 141 елдің ішінде 93-орынға ие болды. Ал, мәселен, көршілес елдер – Тәжікстан бізден жоғары 50-орында, Әзірбайжан – тіпті 27-орында, - дейді депутат.
Оның айтуынша, ресми статистиканың деректеріне сәйкес, техникалық санаттар бөлінісінде ел жолдарының 9,3 пайыз ғана білікке (оське) 10 тоннадан астам жүктемені қабылдай алады. Нақтылап айтқанда, жалпы пайдаланымдағы жолдардың 90,7 пайызы қолданыстағы жүк автокөліктердің ең аз жүктемелерін де қабылдай алмайды және тәуекел аймағында тұр.
Сонымен қатар инспекцияның қызметкерлерінің жалпы штаттық саны да жеткіліксіз болғаны бізді алаңдатады. Еліміздегі ұзындығы 95 мың 600 шақырым болатын (оның ішінде республикалық автожолдар – 24 мың 700 км (26%), жергілікті автожолдар – 70 мың 900 шақырым (74%)) автокөлік жолдары инспекцияның 278 маманды құрайтын көліктік бақылау бекеттерімен қадағаланады (оның ішінде 50 жылжымалы және 3 стационарлық). Сонда бір көліктік бақылау бекеті шамамен 2 мың шақырым автокөлік жолын бақылауды қамтамасыз етуге міндетті, - дейді сенатор.
Ол осыған байланысты Премьер-министрге жолдаған сауалында бірнеше ұсыныс жасады:
- көліктік бақылау бекеттердің және Көліктік бақылау инспекциясының жалпы штат санын арттыруды;
- салмағы 25 тоннадан асатын ірі жүкті таситын самосвалдарды заңнамалық деңгейде технологиялық көлік санатына жатқызуды және жүк тасымалдау фактілерін (техпаспорт негізінде, өлшеусіз) тексеру құқығын полицияға да берілуін қарастыруды;
- жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарттарында жер қойнауын пайдаланушыларға автокөліктердің артық тиелуіне тыйым салатын талаптарды қарастыруды және оларға жауапкершілікті қатаңдатуды;
- бюджеттің барлық деңгейінен қаржыландырылатын жобалар бойынша (құрылыс, жөндеу, абаттандыру және т.б.) мемлекеттік сатып алу жөніндегі нормативтер мен конкурстық талаптарға жүк автокөліктерін пайдалануы бойынша тиісті өзгерістер енгізуді;
- облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын салу және қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу кезінде заманауи инновациялық технологияларды қолдануды талап етуді;
- цифрландыру және жергілікті жолдар бойынша бақылауды орталықсыздандыру мүмкіндіктерін қарастыруды;
- көліктік бақылау инспекторының талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды.
Осы жоғарыда көтерілген мәселелерді шешу бойынша басқа да шараларды Үкімет тарапынан қарастыруыңызды және сауалға жауапты белгіленген тәртіппен жазбаша түрде беруіңізді сұраймыз, - деді Нұрлан Әбдіров.Бұған дейін бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар электр энергетикасының тиімділігін арттыруға арналған заң жобасын қабылдады.