Сенатор Нұртөре Жүсіп Алматы кітапханашыларымен оқырман қатарын көбейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Алматыдағы Ұлттық кітапханасына барып, оның материалдық-техникалық базасымен және кітап қорымен танысты. Сондай-ақ қала кітапханаларының басшылығымен және қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге қатысушылар электрондық кітапханалар мен мұрағаттарды дамыту үшін цифрлық технологияларды енгізу, жас мамандарды әлеуметтік қолдау шаралары және азаматтардың оқуға деген қызығушылығын арттыру мәселелерін талқылады.
Сенатор аталған кәсіптің тартымдылығын арттыруға, әлеуметтік кепілдіктерді жақсартуға, сондай-ақ кітапханашылар мен мұрағат қызметкерлерінің мәртебесін нығайтуға арналған осы саладағы мемлекеттік реформалар туралы айтып берді.
Сонымен қатар Нұртөре Жүсіп соңғы жылдары Қазақстанда әдебиетке деген қызығушылықты жандандыру және әсіресе, жастар арасында оқу сауаттылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатқанын атап өтті. Кітап культін құру, кітапхана жүйесінің рөлі мен әлеуетін күшейту, жаңа көркем контентті, оның ішінде қазақ тілінде дамыту жұмыстарын жүргізу аса маңызды екенін тілге тиек етті. Бүгінде кітап оқушылардың үштен екісі мемлекеттік тілде оқиды және қазақ тілді халықтың саны айтарлықтай өсіп келеді.
Мемлекет басшысы кітап оқуды арттыру және жаңа кітаптардың мазмұнын байыту туралы үнемі айтып келеді. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында оқыған ұлт үлкен жетістіктерге жете алатынын атап өтті. Парламент депутаттары кітапханаларды жабдықтау, кітапханашылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да мәселелерді әрдайым назарда ұстап келеміз. Өзім де депутаттық сауалдарымда кітапханаға қатысты мәселелерді үнемі көтеріп отырамын. Соның ішінде жалақының төмендігі және кітапханашыларға әлеуметтік кепілдіктердің жоқтығы, кітапхана ғимараттарының ескіруі сияқты жүйелік мәселелерді және тиісті ережелердің болмауына байланысты біліктілікті арттыруға мүмкіндіктің жоқтығын атап өттім, - деді Нұртөре Жүсіп.
Сондай-ақ сенатор өзінің жақында шыққан «Қоғамдық кешігу» және «Жарық сәуле» кітаптарын Ұлттық кітапхананың кітап қорына тапсырды.