Сенатор: Газ бағасы көтеріледі, одан қашып құтыла алмаймыз

25 Сәуір 2022, 16:54
1999
Бөлісу:
Сенатор: Газ бағасы көтеріледі, одан қашып құтыла алмаймыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат депутаты Ерік Сұлтанов газ бағасын белгілеудің жаңа моделін қалыптастыру керегін айтты.

Бұл ретте газ тарифін қалыптастыруда ашықтықты қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар ішкі нарыққа газ жеткізу көлемін мемлекеттік реттеуді енгізу арқылы жер қойнауын пайдаланушылардан газды алу процесінің ашықтығын арттыру қажет.

Сенатордың айтуынша, ішкі нарықта газ тұтыну көлемі ұлғаятындықтан газды экспорттау азаяды. 

Ішкі нарықтағы бағаны ұлттық оператор «QazaqGaz» компаниясы субсидиялайтыны белгілі. Ендеше экспорт азайғанда табыс кеміп, ішкі нарықтағы баға шамамен 60 пайыз өсуі мүмкін. Газ тарифінің көтерілуінен құтыла алмайтынымызды ашық айту керек. Сол себепті газ тартылмаған өңірлерді газдандыра алатынтай, әлеуметтік осал топтарға қолайлы баға ұстап тұра алатындай тариф белгілеудің оңтайлы тетігін анықтау маңызды, - деп түсіндірді сенатор Ерік Сұлтанов.

Ол Энергетика министрлігіне тұтынушыларды, халықты да, кәсіпкерлерді де бұл туралы алдын ала хабардар ету үшін газ бағасын ұзақ мерзімді жоспарлау кестесін жыл сайынғы өсуді ескере отырып, ашық жариялауы керегін ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы