Соңғы 5 жылда елімізде донорлық қанды тұтыну 13%-ға өсті, бұл ретте салалық мекеме – Қан қызметінің ғылыми-әдістемелік орталығында жедел шешуді талап ететін бірқатар проблема бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айнұр Арғынбекова өзінің депутаттық сауалында республиканың қан қызметін дамытуды үйлестірумен қатар, бұл орталық елордадағы барлық медициналық ұйымдарды донорлық қанмен қамтамасыз ететінін айтты. Алуан түрлі және күрделі технология қолданылатын орталық болса да Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғимараты ауыр жағдайда тұр.
15 жыл бұрын пайдалануға берілгеніне қарамастан, құрылыс кезінде жіберілген олқылықтардың салдарынан Орталықтың ғимараттары бұзылып барады. Ғимараттың желдету жүйесі дұрыс жобаланбаған және тек 55% ғана жұмыс істейді. Төбеден су ағады, бұл төбе жабындысының бұзылуына әкеледі және құлап кету қаупін туғызады. Осының бәрі орталықтың қалтқысыз жұмыс істеуіне қатер төндіреді, - деді ол.
Сенатор осыған байланысты Премьер-министрден қазіргі проблемаларға назар аударуды және оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады.
Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. 2020 жылдан бері Орталық күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу үшін Қаржы министрлігіне 5 рет өтінім берсе де ақша бөлінген жоқ. Қазір жобалау-сметалық құжаттарға түзету енгізіліп, құны 6,1 млрд теңге болатын күрделі жөндеу жұмыстарына қорытынды алынды. Медициналық көмек көлемі арта түскен кезде және донор қанының қорын жасап қою еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мәселесі болғандықтан Трансфузиология орталығы ғимаратына күрделі жөндеу жұмысын жасау үшін қаржы бөлу мәселесін қолдауды өтінемін, - деді ол.