Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаңтар айының соңында республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне «Өшпес ерлік» атты мақала жарияланды. Жақында орысша нұсқасы «Казахстанская правда» газетінде де жарық көрді. Мақаланың авторы белгілі мемлекет қайраткері, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Осы материалда ІІ Дүниежүзілік соғыста мергендігімен танылып, жаудың 289 жауынгерін жайратқан даңқты снайпер Ыбырайым Сүлейменовке «Халық Қаһарманы» атағын беру мәселесі көтерілген екен.
Мақалада батыр бабамыздың майдан даласындағы ерліктері жіпке тізгендей бастан-аяқ баяндалған. Үш бірдей ірі шайқасқа қатысқаны, Великие Луки қаласын азат ету жорығындағы қайсарлығы, қай кезде қандай марапатқа ұсынылғаны туралы деректер оқырманға нақты құжаттармен бірге ұсынылған. Автор барлық мәліметті Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатынан алдырғанын да айта кеткен.
Негізі Ыбырайым Сүлейменов көзі тірісінде-ақ, яғни 1943 жылдың 9 шілдесінде Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Марапат құжатына Үшінші екпінді армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант К.Н.Галицкий, армия Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-майор А.И.Литвинов және армияның штаб бастығы, генерал-майор Ф.Я.Зуев қол қойған. Бірақ оның орнына деңгейі бір дәрежеге төмен Ленин ордені беріледі.
Оның өзінде тиісті Жарлық даңқты мерген ерлікпен қаза тапқаннан кейін бірнеше айдан соң, яғни 1944 жылы маусым айында шыққан. Ал Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылы 15 қазанда Изоча стансасын азат ету үшін болған ұрыста қаза болған еді. Сол шайқаста қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова да ерлікпен көз жұмғаны мақалада айтылған.
Осы ретте қазір сол кездегі олқылықтардың орнын толтырып, тарихи әділеттілік орнатуға толық мүмкіндігіміз бар екенін айта кеткіміз келеді. Сол себепті, Ыбырайым Сүлейменовке «Халық Қаһарманы» атағын беру өте орынды деп есептейміз. Өйткені Отан үшін отқа түскен ержүрек, батыр бабаларымыздың рухына тағзым ету – перзенттік борышымыз, - деді Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар мақалада нанай халқының мерген ұлы, бір өзі 237 немісті атып түсірген Максим Пассардың ерлігі бар болғаны «Қызыл Ту» орденімен марапатталғаны айтылған. Дегенмен нанай жұртының әділдік іздеп, үздіксіз сұрау салуының нәтижесінде Ресей Президенті В.Путиннің 2010 жылғы 16 ақпандағы Жарлығымен М.Пассарға «Ресей батыры» атағы берілген.
Осыған қарап отырып біз де бір өзі 289 жауды жер жастандырған Ыбырайым Сүлейменовке тәуелсіз Қазақстанның ең жоғары наградасы «Халық Қаһарманы» атағы беріледі деп сенеміз, - дейді сенатор.