Сенат жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуын азайтуды назарға алған

17 Ақпан 2023, 11:18
1076
Бөлісу:
Сенат жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуын азайтуды назарға алған
Фото: azh.kz

Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Сенатта өтіп жатқан Парламенттік тыңдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.   

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар іске асырылып жатыр. Солардың аясында Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде қалыптасуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік саясатты жетілдіру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Шын мәнінде, қуатты өңірлер – еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен бәсекеге қабілеттілігінің негізі, - деп атап өтті Сенат төрағасы.

Айтуынша, Мемлекет басшысы үнемі осы қағидаға баса мән беріп келеді.

Сондықтан өңірлердің теңгерімді дамуына ықпал ету Сенаттың басым міндеттерінің бірі деп белгілеп отырмыз. Жалпы, соңғы уақытта Парламент аймақтардағы проблемаларды шешуге арналған ондаған заң қабылдады. Өткен жылдың соңында елімізде агломерацияларды дамытудың құқықтық негізін арнайы заң қабылдадық. Ол заң қалалар мен іргелес елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына жүйелі тәсіл енгізуді көздейді. Соның аясында қалалық және кеңістіктік жоспарлау, коммуналдық, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері, көші-қон процестері жүйелі түрде қарастырылады, - деді Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар жергілікті билік органдарының дербестігі мен жауапкершілігін арттыру да маңызды міндеттердің бірі екендігіне тоқталды. 

Депутаттар тиісті заңдарға өңірлердің құзыретін кеңейтуге және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға қатысты түзетулер енгізді. Бірқатар салықтар мен төлемдер бойынша түсімдер жергілікті деңгейге берілді. Қазіргі таңда Сенат жаңа әкімшілік реформа туралы заң жобасын қарап жатыр. Жоспарланған қадамдар өңірлердің құзыретін кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер беруге тиіс. Соның аясында орталық мемлекеттік органдардың 20-дан астам функциясы жергілікті деңгейге беріледі. Республикалық және өңірлік бюджеттер арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған трансферттер көлемі туралы заңды қараған кезде де жаңа өңірлік тәсілдерді ескеріп жұмыс істедік. Нақты айтқанда, жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту мәселелерін назарға алдық, - деді Сенат спикері. 

Сондай-ақ өңірлердің басқа да маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге көңіл бөлінгені белгілі болды. Сенат алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, өңірлердің дамуын басты назарда ұстаймыз деп отыр. 

Өзгелердің жаңалығы