Қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібін мәслихаттар айқындайды – Сенат

Сенаторлар «эвтаназия» ұғымын қолданудан бас тартты.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:25
Бүгiн 2026, 10:25
144
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға енгізілген қоғамда үлкен талқылау тудырған түзетулерді қарау кезінде Сенат ең даулы нормаларды қайта саралап, неғұрлым теңгерімді әрі ізгілікке негізделген шешімдер ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жұмысқа зооқорғаушылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, экологтар, ғалымдар мен сала мамандары тартылды. Сонымен қатар өңірлерден де түрлі ұсыныстар келіп түсті.

Жұмыс тобы заң жобасын қарау барысында, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында жүктеген міндеттерін негізге ала отырып, құжаттағы бірқатар норманы қайта пысықтау қажет деген қорытындыға келген. Осыған байланысты Сенат өз түзетулерін енгізіп, заңды Мәжіліске кері қайтарды.

Негізгі өзгерістер қандай?

Бірінші кезекте сенаторлар қоғамда көп талқыланған 15-баптағы «эвтаназия» терминін қолданудан бас тартуды ұсынды.

Мәжіліс қабылдаған нұсқада панажайға немесе уақытша ұстау орнына жеткізілген иесіз жануарларға бес тәулік өткен соң, сондай-ақ ауыр дертке шалдыққан, негізсіз агрессия танытатын, қараусыз қалған және иесі табылмаған жағдайда эвтаназия қолдану қарастырылған еді.

Сенат бұл тәсілді қайта қарап, иесіз жануарлар санын реттеу кезінде «эвтаназия» ұғымын заңнан алып тастауды ұсынды.

Сонымен қатар көп пікірталас тудырған бес тәулік мерзімінен де бас тарту ұсынылды. Оның орнына иесіз жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімдерін әр өңірдің мәслихаттары өздері айқындауы тиіс деген ұстаным енгізілді.

Сенаторлар бес күн ішінде жануардың иесін табу әрдайым мүмкін бола бермейтінін атап өтті. Дегенмен иесіз жануарлар мәселесі көптеген өңір үшін өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты жергілікті мәслихаттарға шешім қабылдау құқығын беру әр аймақтың ерекшелігін ескеруге, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға және жануарлар санының бақылаусыз өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.

Чип – негізгі өлшем емес

Сенаторлар «иесіз жануар» ұғымына қатысты даулы тұжырымға да өзгеріс енгізуді ұсынды.

Бұған дейін заңда чипі жоқ иттер мен мысықтарды иесіз жануарлар қатарына жатқызу көзделген болатын. Алайда сенаторлар мұнымен келіспеді. Олардың пікірінше, чиптің болмауы жануардың иесі жоқ дегенді білдірмейді.

Мұндай тәсіл іс жүзінде үй жануарларын қате түрде иесіз деп тануға әкелуі мүмкін. Сондықтан қолданыстағы норма сақталуы керек: жануардың иесі бар-жоғы басты белгі ретінде қарастырылуы тиіс, ал чип тек есепке алу құралы ғана.

Сенаторлар барлық үй жануарлары әлі толық чиптелмегенін ескеріп, бұл түзету құқық қолдану кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді азайтады деп отыр.

Жалпы алғанда, Сенат құжатты қарау барысында ең даулы мәселелерді жан-жақты талдап, қоғамда қызу пікірталас тудырған нормаларға нақты ұсыныстар енгізді. Сонымен бірге бірқатар мазмұндық және техникалық өзгерістер де қарастырылды.

Сенаторлар азаматтардың қауіпсіздігі, жануар иелерінің жауапкершілігі және жануарларға ізгілікпен қарау қағидаттарын қатар ұстанатын теңгерімді тәсілді сақтауға басымдық беріп отыр. Мұндай жұмыс форматы жан-жақты талдауға сүйеніп, қоғам сұранысына сай шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Қолданыстағы заң не дейді?

Еске сала кетейік, қазіргі заң жануарларды қорғауға бағытталған. Онда жануарларға қатыгездік көрсетуге (ұрып-соғу, азаптау және басқа әрекеттер), оларды қараусыз қалдыруға, сондай-ақ жануарлар төбелесін ұйымдастыруға тыйым салынған. Бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке дейінгі шаралар қарастырылған.

Мәжіліс ұсынған түзетулер аясында:

- үй жануарларын өсіру мен айналымына бақылауды күшейту көзделген. Енді жануарларды сату немесе басқаға беру оларды міндетті түрде есепке алғаннан кейін ғана жүзеге асады. Бұл талап селекционерлерге ғана емес, жануар өсірумен айналысатын барлық жеке және заңды тұлғаларға қатысты болады;

- жануар иелерінің жауапкершілігін күшейту мақсатында уәкілетті органға ұстауға, өсіруге және айналымға тыйым салынатын жануарлар тізбесін белгілеу құқығын беру ұсынылған;

- азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған норма енгізілген. Егер үй жануарының иесі оны серуендету талаптарын бұзып, соның салдарынан адамның өмірі мен денсаулығына, басқа жануарларға немесе мүлкіне зиян келтірсе, келтірілген шығынды өтеуге міндетті болады. Сонымен қатар адамның денсаулығына ауыр немесе орташа зиян келтірілген жағдайда, иесі мұндай жануарға эвтаназия жасауға міндеттеледі;

- жануарларды ұстау, серуендету, аулау, уақытша ұстау және жою қағидаларын әзірлеу бойынша әкімдіктердің, ал оларды бекіту бойынша мәслихаттардың өкілеттіктерін нақтылау ұсынылған;

- жануарларды аулау, уақытша ұстау және жоюдың үлгілік қағидаларына сәйкес жедел әрекет ету шараларын ұйымдастыру өкілеттіктерін бекіту көзделген.

Наверх