Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ресми сапармен Өзбекстан Республикасына келді. Сапар аясында Палата Спикері Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті.
Кездесу кезінде қатысушылар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары даму қарқынына назар аударды. Сондай-ақ өзара байланысты әрі қарай нығайтудың, оның ішінде парламентаралық ынтымақтастықты өркендетудің маңызы зор екенін атап өтті.
Қазақстан тарапы Өзбекстанның жетістіктерін ерекше қуанышпен қабылдайды. Біз үшін елдеріміз арасындағы бауырластықты әрі қарай арттырудың терең мәні бар. Қазіргі таңда екі ел – сенімді стратегиялық серіктестер және одақтастар. Мемлекеттеріміздің басшылары белгілеп берген осындай жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты Парламенттеріміз арқылы қолдау да аса маңызды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол екі елдің Сенаттары арасында арнайы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия құрылғанын тілге тиек етті. Оның жұмысы осы сапар аясында басталмақ.
Комиссия жұмысының басты мақсаты – екі ел Сенаттарының өзара байланысын одан әрі жетілдіру және өңіраралық ынтымақтастықты дамытудағы Парламенттердің рөлін арттыру. Бұл жұмыстар қолданбалы және жүйелі сипат алуы үшін бүгін 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасына және Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі жанындағы Заң шығару мәселелері және парламенттік зерттеулер институты мен Қазақстан Республикасының Парламенті жанындағы Парламентаризм институты арасында Ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
«Жол картасында» көрсетілген шараларды іске асыру парламентаралық байланысымызды нығайтуда маңызды рөл атқарады деп есептейміз. Сондай-ақ бұл құжат заң шығарушы органдардың екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан нақты үлесі екені сөзсіз, – деді Қазақстан Сенатының төрағасы.
Одан бөлек, сұхбаттасушылар өңіраралық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейту және халықаралық парламенттік алаңдар арқылы да ынтымақтастықты арттыру мәселелеріне тоқталып өтті.
Екі елдің Парламенттері туризм, экология, су ресурстарын басқару, инвестиция, мәдени-гуманитарлық байланыс салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіру ісінде бірлесіп әрекет етеді. Экологиялық мәселелерді шешудегі бірлескен іс-қимыл өзара байланысымыздағы негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Соған байланысты Жол картасына Арал теңізін құтқаруға және оның экожүйесін сақтауға қатысты іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыру тармағы енгізіліп отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері цифрлық технология, туризм, білім беру және мәдениет салаларындағы өзара ынтымақтастық бірлескен жұмыстың негізгі басымдықтарының бірі екені де айтып өтті.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында академиялық мобильділік, екі дипломды білім беру бағдарламалары, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру аясында 300-ге жуық шарт жасалған. Бұл айтарлықтай көрсеткіш және жақсы тәжірибе екені сөзсіз. Осы істі әрі қарай дамытудың маңызы зор. Аталған бағытта Білім, біліктілік, ғылыми дәрежелерді өзара тану туралы келісімді әзірлеп, қабылдаудың берері мол деп есептейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Қазақстан Сенатының төрағасы екі елдің өңіраралық ынтымақтастығы әлеуетін толық пайдаланудың маңызын да назардан тыс қалдырмады.
Сауданың, өзара инвестицияның, өнеркәсіптік кооперацияның үлкен көлемі дәл біздің облыстарға тиесілі. Өңіраралық ынтымақтастықты қолдау мақсатымен өңірлерде қазақстандық және өзбекстандық сенаторлардың кездесулерін өткізуді ұсынамыз. Оған жергілікті өкілді органдар депутаттарының да қатысуы маңызды, – деді ол.
Сондай-ақ Сенат төрағасы қазақстандық сенаторлардың атқарып отырған жұмысы мен олардың бастамасымен әзірленген заң жобаларына тоқталды.
Кездесу соңында екі тарап Парламенттердің бірлескен сындарлы жұмысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен жан-жақты әріптестікті нығайтуға өз ықпалын тигізетініне сенім білдірді.
Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев Өзбекстанға сапарының бірінші күні аясында «Тәуелсіздік және гуманизм» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты және Темиридтер тарихы мемлекеттік музейіне барды.