Сенат төрағасы: Қазақстан халықаралық проблемаларды бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ екенін құптайды

29 Наурыз 2022, 11:36
1204
Бөлісу:
Сенат төрағасы: Қазақстан халықаралық проблемаларды бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ екенін құптайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматыда өткен ТМД елдері Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің мерейтойлық отырысында сөз сөйледі.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Сенат спикері ТМД ПАА ұлттық заңнамаларды жетілдіруге үлкен үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Бүгінге дейін Ассамблея 600-ден астам модельді заң мен басқа да құжаттарды әзірлеп, қабылдады. ТМД елдерінің Парламенттері оларды өз мемлекеттерінің құқықтық базасын қалыптастыру кезінде белсенді пайдаланды.

Ассамблея аясында халықаралық конференциялар мен форумдар тұрақты түрде өтіп келеді. Ондай ауқымды жиындарда көші-қон, экология, терроризм және экстремизммен күрес салалары, сондай-ақ, басқа да маңызды бағыттар бойынша бірлескен шаралар талқыланып, әзірленеді. Сондықтан қазіргі таңда ТМД Парламентаралық Ассамблеясын ең тиімді парламентаралық бірлестіктердің бірі деп есептейміз, – деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан халқына қолдау танытып, алаңдаушылық білдіргені үшін ТМД елдерінен келген әріптестеріне алғысын жеткізді.

Сондай-ақ ол ТМД парламентшілеріне елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды реформалар жөнінде кеңінен айтып берді.

Қаңтар оқиғасы көптеген бағыт бойынша белсенді реформалар жүргізу қажеттігін көрсетіп берді. Осыған байланысты біздің еліміз әлеуметтік, әділетті және демократиялық мемлекет қалыптастыру мақсатымен Жаңа Қазақстан құруды қолға алды. Осы бағыттағы конституциялық реформалардың негізгі нәтижелерінің бірі ретінде Қазақстанда парламентаризмді одан әрі дамыту және Парламенттің елдің саяси жүйесіндегі рөлін арттыру көзделіп отыр, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етіп жатқанын тілге тиек етті. Сенат төрағасының айтуынша, біздің еліміз өзінің төрағалық кезеңінде пандемиядан кейін қайта қалыпқа келу, цифрлық технологияны енгізу, азық-түлік қауіпсіздігі мәдени-гуманитарлық және білім беру саласындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелеріне басымдық беріп отыр. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қоршаған ортаны қорғау, «жасыл» технологияны енгізу, табиғатты тиімді пайдалану салалалары да басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Өз сөзінде Қазақстан Парламенті Сенатының спикері өкінішке қарай ТМД ПАА-ның мерейтойлық отырысы әлемде бұрын-соңды болмаған геосаяси жағдайдың шиеленіскен тұсында өтіп жатқанын айтты.

Біздің еліміз қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігі және халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттары негізінде халықаралық проблемаларды бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ екендігі туралы ұстанымды құптайды. Осыған орай біз келіссөздер процесін ілгерілетуге арналған кез келген әрекетті қолдаймыз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы