Сенат төрағасы Маңғыстау облысына барды

16 Шілде 2021, 19:34
1150
Бөлісу:
Сенат төрағасы Маңғыстау облысына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ол өңірге сапары барысында облыс аудандарының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін "Каспий" су тұщыту зауытының қызметімен танысты. Ауыз су мәселесі өңір үшін аса маңызды екені белгілі. Сенат төрағасы осыған байланысты аталған мәселені шешу үшін қосымша су тұщыту нысандарын салу қажеттігіне назар аударды.

Сенат төрағасы Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударғанын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев еліміздің бірқатар өңірлеріндегі, оның ішінде Маңғыстау облысының фермерлері тап болып отырған құрғақшылық пен мал шығыны проблемаларын да көтерді. Сенат Төрағасы бұл мәселе еліміз Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтіп, зардап шеккен фермерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау жөнінде Үкімет пен әкімдердің кешенді шаралар қабылдап жатқанын айтты.

Еліміз Президенті фермерлерді қолдау үшін Үкімет резервін пайдалануды тапсырды. Үкімет пен әкімдерге "Бәйтерек" холдингімен бірлесе отырып, фермерлерді жем-шөппен қамтамасыз ету жөнінде қажетті кешенді шараларды жедел түрде әзірлеу тапсырылды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жағдайды тұрақтандыруға және еліміздегі шаруаларды қолдауға бағытталған, - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жем-шөпке, жем-шөп жинау жабдықтарына қосымша субсидия бөлу және қолайлы өңірлерден мал азығын форвардтық түрде сатып алу үшін фермерлерді жеңілдікпен қаржыландыруды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайтынын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев құрғақшылық қайталанатын табиғи құбылыс екеніне тоқталды, сондықтан еліміз Президенті атап өткендей, жедел шаралардан басқа, саланы азықпен қамтамасыз етуді арттыру бойынша жүйелі шаралар әзірленуі қажеттігі айтылды.

Мәулен Әшімбаев сапар барысында балық және нан зауыттарының жұмысымен де танысты. Ол нысандарда болған кезде Сенаттың заң шығару жұмысына тоқталып, пандемия кезінде азаматтар мен кәсіпкерлікті қолдау жөнінде қабылданған заңдар туралы айтты.

Сенат төрағасы сол күні Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықта болып, белгілі жазушы мен мемлекет қайраткерін мәңгі есте сақтаудың маңызы туралы айтты.

Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына Мемлекет басшысы арнайы келіп, осы орталықты ашқан болатын. Көрнекті жазушы және мемлекет қайраткері Әбіш аға - халқымыздың рухани дамуына, сондай-ақ еліміз Тәуелсіздігінің нығаюына елеулі ықпал еткен адам. Сондықтан оның есімін мәңгі есте қалдыру - біздің ортақ міндетіміз, - деді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы