Сенат төрағасы ЕҚЫҰ ПА вице-спикерімен кездесті

25 Сәуір 2022, 15:46
1176
Бөлісу:
Сенат төрағасы ЕҚЫҰ ПА вице-спикерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ЕҚЫҰ ПА-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Пиа Каумамен кездесті.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Парламенті Сенаты мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері мен перспективаларын талқылады.

Парламенттік Ассамблеяның ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа қатысты өзекті мәселелерді шешуге нақты мүмкіндігі бар. Қазақстан парламентшілері ЕҚЫҰ ПА-ның сессияларына, оның комитеттерінің жұмысына және байқау миссияларының құрамында басқа да іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Сондай-ақ біз әріптестерімізбен сындарлы диалогты одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Пиа Каума адам құқықтарын қорғау, демократия, заң үстемдігі сияқты түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін білдірді. ЕҚЫҰ ПА вице-спикері бұл сапардың басты міндеттерінің бірі біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалармен егжей-тегжейлі танысу екенін атап өтті.

Осыған орай Мәулен Әшімбаев мейманға Мемлекет басшысының қоғамдық-саяси саладағы жүйелі жаңғыртулары мен реформалары туралы айтып берді.

Қолға алынған бастамалар еліміздің қолданыстағы саяси жүйесін барынша ашықтық, есептілік мен тиімділік жағынан түбегейлі өзгертеді. Соған сәйкес Сенаттың алдында Мемлекет басшысының барлық бастамасын заңнамалық тұрғыдан сапалы және уақтылы қамтамасыз ету бойынша ауқымды міндеттер тұр. Барлық заң сарапшылармен және жұртшылықпен бірге алдын ала талқыланып, азаматтарымыздың пікірі ескеріле отырып қабылданады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сұхбаттасу барысында қаңтар оқиғасы және Украина мен Ауғанстандағы жағдай да әңгімеге арқау болды.

Өзгелердің жаңалығы