Сенат төрағасы Абай облысының тұрғындарымен кездесті

29 Қыркүйек 2023, 18:13
570
Бөлісу:
Сенат төрағасы Абай облысының тұрғындарымен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Абай облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сапар барысында ол мәслихат депутаттарымен, жергілікті жұртшылықпен және жастармен кездесіп, халықаралық ғылыми конференцияға қатысты. Кездесулерде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мәселелері, заң шығару қызметіндегі жаңа міндеттер және Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылын дамыту жайы талқыланды.

Палата спикері ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды міндеті екенін атап өтті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген басым бағыттарға назар аударып, оларды іске асыру жолында әріптестерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Өңірлерді дамыту және мәслихаттармен бірлесіп өзекті мәселелерді шешу Сенат қызметіндегі негізгі басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда облыстарда өзекті проблемалар аз емес. Олардың басым көпшілігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қатысты. Осыған байланысты Абай облысының 2027 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Сенат осы және басқа да бастамалардың нәтижелі іске асырылуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы барлық деңгейдегі депутаттардың жүйелі түрде өзара іс-қимыл жасасуы маңызды екенін айтып, мәслихат депутаттарын заң шығару жұмысына тарту қажеттігін тілге тиек етті. Палата Спикері өңірлерде заңдар мен басқа да нормативтік құқытық актілердің орындалуына мониторинг жүргізу мәселесіне де ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларына сәйкес Парламент алдағы уақытта бірқатар заң қабылдауы қажет. Олардың қатарында жаңа Салық, Бюджет, Қала құрылысы, Су кодекстері бар. Жалпы, жыл басынан бері азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға арналған көптеген заң қабылданғанын айта кеткен жөн. Бұл ретте Әлеуметтік кодексті ерекше атап өтуге болады. Сол арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жаңа әлеуметтік тетіктер анықталды. Бүгінде елімізде Президентіміз бекіткен ұлттық жобалар іске асырылып жатыр. Олар өңірлерге тікелей қатысы бар құжаттар. Осы орайда заңдар мен ұлттық жобалардың орындалу барысын Парламент және мәслихаттар депутаттары тарапынан жүйелі бақылауды жолға қою аса маңызды, – деген Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес пен «Өңір» депутаттық тобының жұмысына тоқталды.

Палата төрағасы мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу кезінде Семейдің еліміз үшін тарихи рөлі мен маңызына да тоқталды. Ол облыстың әлеуетін толық ашу үшін бірлесіп әрекет етудің берері мол болатынын айтты.

Қасиетті Семей – халқымыз үшін қашанда орны бөлек, қастерлі мекен. Бұл шаһарды отандық білім мен ғылымның және өнер мен мәдениеттің тарихи орталығы деуге толық негіз бар. Осы жерде қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан Алаш арыстарының ізі мен мол мұрасы қалды. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Абай облысын құру туралы маңызды шешімі дер кезінде жасалған және өңірдің дамуына тың серпін берген қадам болды. Алдағы уақытта облыс жаңа қарқынмен дамып, көздеген мақсаттарға қол жеткізе береді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төрағасы ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына арналған «Шәкәрім оқулары-2023» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты. Іс-шарада ел дамуының жаңа парадигмасы кеңінен талқыланды. Мәулен Әшімбаев Абай мен Шәкәрім мұралары ешқашан өзектілігін жоғалтпайтынын, жас ұрпақты тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісінде екі ойшылдың өсиеттері қашанда маңызды екенін айтты.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолында күнделікті өмірлік көзқарастарымыз өзгеруі қажет. Қоғамда жаңа қағидаттар мен бағдарлар орнығуға тиіс. Осындай рухани-идеологиялық міндетті іске асыру аясында біз Шәкәрімнің мұрасына әрдайым оралуға және оны зерделеуге міндеттіміз. Ойшыл «Барлық адам тату тұруға негізінен адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуы керек», деген. Егер осы тұжырым әр қазақстандықтың өмірлік кредосына айналса, еліміз биік белестерді бағындыра беретіні сөзсіз, – деген Мәулен Әшімбаев философтың басқа да ой-тұжырымдарына назар аударды.

Сенат Спикері облысқа сапары аясында өңірдің белсенді жастарымен, Мүгедектігі бар адамдарға арналған абилитация және оңалту орталығының ұжымымен, сондай-ақ, Шәкәрім атындағы университеи пен Alikhan Bokeihan University-дің оқытушыларымен кездесті. «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының қызметімен және қала билігінің шаһар орталығын абаттандыру жоспарымен де танысты. Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ сенатор Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына барды, сондай-ақ, хакімнің ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Өзгелердің жаңалығы