Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенат «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияны (175-конвенция) ратификациялау туралы» заңның жобасын қабылдады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов заңның негізгі мақсатымен таныстырып өтті.
Бұл заңның жобасы ҚР Халықаралық шарттар жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2019 жылғы 18 қазандағы отырысында қолдай тапқан.
Бұл конвенция 1994 жылғы 24 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының бас конференциясында қабылданды. Конвенция толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін, атап айтқанда, ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ананың құқығын қорғау, жыл сайынғы ақылы демалыс беру, еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу мәселелерін толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары сияқты қорғауды көздейді. Осы Конвенция қызметкерлер мен кәсіпорындардың санаттарын қоспағанда, экономикалық қызметтің барлық саласына қолданылады, - деп айтты министр.
Шәпкеновтың сөзінше, Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарағанда, 2021 жылдың 4-тоқсанының қорытындысы бойынша әртүрлі салалардағы 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеген. Олардың жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан аз жұмыс істеді. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, білім және өнеркәсіп салаларында еңбек еткен
Конвенцияға сәйкес «толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін» деген термин толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін және салыстырмалы жағдайда болатын қызметкердің жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аз жұмыс істейтін жұмыскерді білдіреді. Конвенцияда экономикалық немесе техникалық себептер бойынша жұмыс уақыты нормаларының уақытша қысқаруына байланысты ішінара жұмыссыздық жағдайында қалған толық жұмыс уақытында істейтін жұмыскер толық емес жұмыс уақытында істейтін қызметкер бола алмайтыны көзделген, - деп түсіндірді Еңбекмині басшысы.
Конвенцияның 5-бабына сәйкес толық емес жұмыс уақытында жұмыспен қамтылған жұмыскерлердің негізгі жалақысы сол әдістермен есептелетін толық жұмыс уақытында жұмыспен қамтылған және салыстырмалы жағдайдағы қызметкерлердің негізгі жалақысынан кем болмауы тиіс деп көзделген.
Өз кезегінде Конвенцияда көзделгендей, ұлттық еңбек заңнамасында жұмыскерлерге еңбекақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ құжатта толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлерге ұқсас болуы керек. Бұл шарттар жұмыс уақытының ұзақтығына, жарналарға немесе кірістерге пропорционалды түрде анықталуы мүмкін. Осыған ұқсас Ұлттық еңбек және әлеуметтік заңнама толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлермен салыстырғанда толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтарын шектемейтінін атап өткен жөн, - деп толықтырды Серік Шәпкенов Сенатта..
Министрдің сөзінше, Конвенцияны ратификациялау мемлекеттік бюджеттен теріс әлеуметтік-экономикалық салдарлар мен қаржылық шығындарға алып келмейді. Конвенцияны қабылдау толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерді кемсіту бөлігінде еңбек дауларына әкелмейді деп ойлаймыз. Бұл ретте Конвенцияны қабылдау жұмыс істейтін азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді және Қазақстанның осы саладағы халықаралық нормаларды сақтау мен орындауға бейілділігін растайды.