Сенат ТМД аумағында жалған тауар белгілерінің жолын кесуге қатысты заңды мақұлдады

8 Маусым 2023, 09:58
990
Бөлісу:
Сенат ТМД аумағында жалған тауар белгілерінің жолын кесуге қатысты заңды мақұлдады
Фото: BAQ.KZ Архив

Сенаторлар ТМД аумағында жалған тауар белгілерінің жолын кесуге қатысты заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға Сенаттың тұрақты комитеттері ескерту мен ұсыныс жасаған жоқ.

Заңды қабылдау ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіруді және өткізуді бірлесіп алдын алуына, анықтауына және жолын кесуіне, сондай-ақ мұндай тауарлардың ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекеттік шекаралары арқылы өтуіне қарсы іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді, - деп атап өтті Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Андрей Лукин.

Келісімге 2021 жылғы 28 мамырда ТМД Үкімет басшылары Кеңесінің отырысында бірнеше міндет жүктелген. Атап айтқанда:

жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізудің анықталған фактілері, осындай тауарларды экспорттау немесе импорттау әрекеттері туралы ақпарат алмасу;

өнеркәсіптік меншік саласында бірлескен ғылыми зерттеулер, семинарлар мен конференциялар өткізу;

тиісті әдістемелік және арнайы әдебиеттермен алмасу;

зияткерлік меншік құқықтарын күзету және қорғау саласында кадрларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру;

жалған тауар белгілері мен географиялық көрсеткіштері бар тауарларды өндіру мен өткізудің, оның ішінде оларды экспорттаудың немесе импорттаудың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және алдын алу жөніндегі іс-шараларды бірлесіп жоспарлау және жүзеге асыру мақсатында қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы