Сенат спикері Қазақстанға жаппай қоныс аударған ресейліктер туралы пікір білдірді

22 Қыркүйек 2022, 13:21
3386
Бөлісу:
Сенат спикері Қазақстанға жаппай қоныс аударған ресейліктер туралы пікір білдірді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ресейліктердің Қазақстанға жаппай қоныс аударуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресейліктердің елімізге сапарын шектеуге тиісті емеспіз.  Олар бізге жұмыс сапарымен, туыстарына немесе туризм мақсатында келе алады. Сондай-ақ Қазақстан азаматтары да Ресейге емін-еркін баруға мүмкіндік бар. Бұл өзара процесс болғандықтан, оны шектей алмаймыз, - деді Сенат спикері Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында. 

Айтуынша, елімізде олардың (Ресейден келгендердің - ред.) тұрақты тұруын растайтын құжат беру -  басқа мәселе.

Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ететін құжат елімізде қандай да бір мүмкіндіктер ұсынатыны анық. Бұл құжатты алу үшін кез келген басқа елдің азаматы өз мемлекетінен рұқсат алуы керек. Бұл талап еліміздің заңнамасында нақты белгіленген. Яғни шетел азаматы өз елінен кететіні туралы арнайы парақша мен басқа да құжаттарды ұсынуы тиіс. Ал саяси баспана беру, босқын деп тану мен босқын мәртебесін беру – ол өз алдына басқа мәселе. Бұл жағдай халықаралық шарттармен, БҰҰ желісі бойынша мақұлданған тиісті құжаттармен реттеледі. Қазір бұл тұрғыда мәселе көтереліп жатқан жоқ, - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, кеше РФ Президент Владимир Путин Ресейдегі ішінара мобилизация туралы құжатқа қол қойған болатын. 

Өзгелердің жаңалығы