Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа заң жобасына сәйкес, қазақстандықтар өздерінің құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар немесе нормативтік-құқықтық актілер бойынша сотқа жүгінуге мүмкіндік алады. Енді азаматтардың өтініштерін Конституциялық сот қабылдайтын болады.
Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтарының және орталық пен өңірлердің арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету. Бүгін қабылданған заңдар демократиялық институттарды дамытуға, халықтың мемлекеттік және саяси құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстың басты міндеті – заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін арттыру.
Заң сондай-ақ мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейтіп, азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуі тиіс. Атап айтқанда, Конституциялық соттың құзыретіне сайлау өткізудің дұрыстығы, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігі мәселелерін қарау, сондай-ақ Конституциялық нормаларды ресми түсіндіру жатады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенатта «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» заң қабылданғаны туралы жазған болатынбыз.