Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев әйгілі театр және кино актері, режиссер Асанәлі Әшімовты мерейтойымен құттықтады.
Биыл әйгілі театр және кино актері, режиссер, Қазақстанның Еңбек Ері, ұлттық мәдениеттің алып бәйтерегі Асанәлі Әшімов 85 жасқа толып отыр. Осыған орай Алматыда ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға арнайы қатысып, мерейтой иесіне Мемлекет басшысының құттықтау хатын тапсырдым. Асанәлі Әшімов – қазақ театры мен кино өнерін жаңа биікке көтерген дара тұлға. Ағамыздың есімін тұтас Қазақ елі мақтан тұтады. Ол шын мәнінде ұлттық театр және кино өнерінің брендіне, нағыз корифейіне айналды. Сондықтан Асекең барлық қошемет пен құрметке лайық екені сөзсіз, - деп атап өтті Сенат төрағасы.
Сондай-ақ ол Асанәлі ағамыз театр сахнасындағы рөлдері арқылы өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленгенін алға тартты.
Ол сомдаған тарихи тұлғалардың қайталанбас образдары көпшіліктің театрға деген қызығушылығын оятты. Ағамыз түскен кинокартиналар мен ондағы рөлдер де өз алдына бөлек әңгіме. Соның ішінде «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» фильмдері ұлттық киномыздың нағыз классикалық туындылары саналады. Біз бұл фильмдерді бала күнімізден көріп өстік. Сондықтан болар, Асанәлі аға туралы айтқанда әлі күнге дейін Бекежан, Шадияров рөлдері бірден ойға оралады. Осы ретте бұл рөлдердің актерлік өнердің әлемдік деңгейдегі биік шыңы ретінде бағаланғанын да айта кеткен жөн. Асанәлі Әшімов талай таланттың томағасын сыпырған ұлағатты ұстаз екенін де бәріміз жақсы білеміз, - деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол бүгінде театр мен кино саласында жүрген кәсіби актерлердің бәрі Асанәлі ағамыздың шәкірттері десек, артық бола қоймас деп отыр.
Себебі, олар ағамыздың алдын көрген, ақылын тыңдаған азаматтар. Сондықтан Асанәлі Әшімов қазіргі қазақ театры мен киносының нағыз патриархы деуге толық негіз бар. Ағамыздың мерейлі жасы ұлттық мәдениетіміздің тойы. Осы қуанышқа ортақтаса отырып, ұлт өнері мен руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Асанәлі ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық тілейміз. Жасай беріңіз, қазақтың Асанәлісі! – деді Сенат спикері.