Сенат қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын заң жобасын мақұлдады

21 Қыркүйек 2023, 11:00
782
Бөлісу:
Сенат қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын заң жобасын мақұлдады
Фото: Сенат баспасөз қызметі

Сенат депутаты Руслан Рүстемов Сенаттың жалпы отырысында «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы жайлы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, аталған заң мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.

«Қоғамдық бақылау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдары Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес әзірленді, - деді Руслан Рүстемов.

Заң аясында қоғамдық бақылау ұғымы, қоғамдық бақылаудың мақсаты мен басты қағидаттары айқындалады. Сондай-ақ құқықтары мен міндеттері нақтыланады.

Мысалы қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға құқылы болады. Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, субъектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті болады, - деді ол.

Заңда қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттары айқындалған.

Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады. Қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті,-деді Руслан Рүстемов.

Сенатордың айтуынша, Заңның ең басты мақсаты Конституцияға сәйкес азаматтардың мемлекет істерін тікелей басқаруға қатысуына жағдай жасау.

Сенат негізгі және ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы