Сенат Қазақстан-Швейцария арасындағы бағалы металл бұйымдарына қатысты заңды мақұлдады

12 Қаңтар 2023, 10:36
796
Бөлісу:
Сенат Қазақстан-Швейцария арасындағы бағалы металл бұйымдарына қатысты заңды мақұлдады

Бүгін өткен Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Конституциялық реформаға сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң шығару процедурасы өзгертілді. Енді Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды талқылау қорытындылары бойынша заңды мақұлдау немесе мақұлдамау туралы шешім қабылдайды. Тағы бір ерекшелік – палата отырысында заң бойынша баяндаманы бас комитет уәкілеттік берген Сенат депутаты жасайды, - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев. 

Осыған байланысты заңға қатысты баяндаманы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Серік Шайдаров жасады. 

Егер бағалы металдардан жасалған бұйымдар импорттаушы Тарап мемлекетінің келісіміне және заңнамасына сәйкес келсе, Келісімде бір Тарапқа екінші тараптың сынама таңбасымен, дайындаушының сәйкестендіру белгісімен және Тараптардың ұлттық заңнамаларына сәйкес сынама стандартымен әкелінетін бұйымдар, импорттаушы тарапта жаңадан талдауға және таңбалауға жатпайды деп көзделеді. Бұдан басқа, өз сынамасын бір тарапта тіркеген дайындаушының сәйкестендіру белгісінің иесі екінші тарапта осындай белгіні тіркеудегі талаптан босатылады. Келісімнің шарттары бойынша Кедендік бақылау кезінде импорттаушы Тарап өзінің уәкілетті ұйымдарына ұлттық заңнамасына сәйкес сынама таңбасының бедері мен сынама стандарттарын тексере алатын бағалы металдардан жасалған зергерлік және басқа да бұйымдарды беруге тиіс, - деп атап өтті Серік Шайдаров. 

Айтуынша, келісімге сәйкес сынамалық таңбасыз, дайындаушының сәйкестендіру белгісі жоқ және сынамалардың белгіленген стандарттары белгісіз бағалы бұйымдар экспорттаушыға қайтарылады.

Сонымен қатар тараптар екінші тараптың сынамалық таңбасының бедерлерін қолдан жасаудан немесе бұзудан, сондай-ақ басқа тараптың жауапты органы сынамалық таңбаны қолданғаннан кейін сынама стандарттарын немесе сәйкестендіру белгісінің бедерлерін кез келген рұқсатсыз өзгертуден немесе жоюдан аулақ болу үшін барлық ықтимал шараларды қабылдайтын болады.

Келісім сынамалық таңбасы, сәйкестендіру белгісі және сынама стандарттары бар бұйымдарға іріктеп тексерулер жүргізуге кедергі келтірмейді. Мұндай іріктеп тексерулер зергерлік және басқа да бағалы металдардан жасалған бұйымдарды импорттау рәсімінің ұзақтығына әсер етпейді. Сенаттың тұрақты комитеттерінің осы Заң бойынша ескертулері мен ұсыныстары жоқ, - деді ол. 

Заң 2021 жылғы 29 қарашада Женевада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялауды мақсат тұтқан. 

Сенаторлар заңды бірауыздан мақұлдады. 

Өзгелердің жаңалығы