Сенат «1996 жылғы 26 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы азаматтық және қылмыстық iстер жөніндегі өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасын сенатор Нұрлан Бекназаров таныстырды.
Сөзінше, Шарт 1997 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған.
Заң тараптар арасында көрсетілетін азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі өзара құқықтық көмектің тәртібі мен талаптарын нақтылауға және екі ел азаматтарының құқықтарын қорғауға бағытталған, - деді сенатор.
Шартқа мынадай өзгерістер мен толықтыруларды енгізу ұсынылып отыр:
- Шарттың тиісті бабына өзара құқықтық көмек көрсету кезіндегі қатынастарды жүзеге асыратын құзыретті органдарды айқындауды және ол жайында дипломатиялық арналар арқылы бір-бірін хабардар етуді көздейтін өзгеріс енгізу;
- Екі мемлекеттің қолданыстағы заңдарындағы өзгерістерге байланысты «сот шешімдері» терминіне қосымша «сот бұйрығы» түсінігін енгізу арқылы, сот шешімдерін орындау және берешектерді өндіріп алу мәселелеріне қатысты рәсімдерді реттеу;
- Сондай-ақ қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелеріне қатысты құзырет Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілуіне байланысты Шарттың 28-бабының күшін жою ұсынылып отыр;
- Сонымен бірге ішкі істер органдары құзыретінің алып тасталуына байланысты Шарттың тиісті бабына түзетулер енгізілген.
Бекназаров атап өткендей, ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар Шарттың әрекет етуі мен құқықтық қатынастарды реттеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2022 жылы Қырғызстан тарапынан құқықтық көмек көрсету жөнінде 373 сұраныс, біздің елімізден Қырғыз Республикасының құзырлы органдарына 304 сұраныс жолданған. Екіжақты сұраныстардың басым бөлігі қанағаттандырылған. Сондықтан да бұл Шарт азаматтарға шетелде кейбір жағдайлар туындаған кезде қажетті құжаттарын рәсімдеу мен қол жеткізу тұрғысынан өте маңызды, - деп түсіндірді Сенат депутаты.
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» заңына сәйкес Хаттама ратификациялауға жатады. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарына құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Сенат Комитеттерінен Заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар келіп түскен жоқ.
Сенаторлар заңды дауысқа салып, құжатты мақұлдады.