Бұл туралы Парламент Сенатының төрағасы лауазымына қайта сайланған Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«ҚР Парламенті комитеттері мен комиссиялары туралы» заңына сәйкес тұрақты комитеттердің төрағалары комитеттердің саны мен атауы бекітілгеннен кейін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар арасынан сайланады, - деп атап өтті Сенат спикері.
Тұрақты комитеттердің төрағалары қызметіне кандидатураларды ұсынбас бұрын дауыс беру тәртібін анықталды. Ашық дауыс беру ұсынылды.
Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Андрей Лукин, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов сайланды.
Сонымен қатар Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің тізгіні Асқар Шәкіровке берілді.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы лауазымына Сүйіндік Алдашевтің кандидатурасы ұсынылып, қолдау тапты.
Ал Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп атанды.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы лауазымына Әли Бектаев лайық деп танылды.