Сенат кірістерді жылыстату мен және терроризмді қаржыландыруға қарсы заң жобаларын мақұлдады

28 Маусым 2022, 10:35
1122
Бөлісу:
Сенат кірістерді жылыстату мен және терроризмді қаржыландыруға қарсы заң жобаларын мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында екі заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. 

Сенатта Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ мемлекеттік баға реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы ұсынылды. 

Заң жобасы Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының халықаралық стандарттарды сақтау, сондай-ақ қылмыстық кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жүйесін күшейту тұрғысынан Қазақстанның жылыстатуға қарсы жүйенің өзара бағалауын ойдағыдай өтуі мақсатында әзірленді. 

Заң жобасы Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша Еуразиялық топтың сарапшы-бағалаушыларының жекелеген ескертулерін жоюға, ФАТФ-тың бірқатар ұсынымдары бойынша бағалауды арттыруға, сондай-ақ ҚЖ/ТҚҚ жүйесін күшейтуге бағытталған.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы таныстырылды. 

Бұл заң жобалары Сенат депутаттарының бастамасымен ұсынылды. Аталған заң жобалары екінші оқылымның күн тәртібінде қаралатын болды. 

Өзгелердің жаңалығы