Сенат Каспийдің экологиялық проблемаларын шешетін заңды қабылдады

23 Қыркүйек 2021, 12:06
2082
Бөлісу:
Сенат Каспийдің экологиялық проблемаларын шешетін заңды қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылғы Жолдауында экологиялық ахуалды жақсарту және қоршаған ортаны қорғау, биологиялық әркелкілікті сақтау, табиғат байлықтарын заңдық және нормативтік тұрғыдан қорғау мәселелерінің еліміз үшін маңыздылығын ерекше атап өтті, - деді депутат Дүйсенғазы Мусин.

Айтуынша, Каспий теңізінің елімізге тиесілі аймағының қоршаған орта тұрғысынан ерекшеліктерін ескерсек, бүгінгі қаралып отырған заң жобасының қабылдануы ерекше маңызды.

Негіздемелік конвенцияға қол қойылғаннан кейін 15 жыл өткен соң, тараптардың хаттамаға қол қоюы тарихи оқиға деуге болады. Хаттаманы ратификациялау – «Каспий бестігінің» мұнай мен газ кен орындарын игеру, жүк тасымалдауды ұйымдастыру, биологиялық ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғауда бірлескен шешімдер қабылдаудың рәсімдік мәселелерін реттейді, - деп түсіндірді Мусин.

Бұл заң жобасы Каспийдің экологиялық проблемаларының әр түрлі бағыттары бойынша тараптардың ынтымақтасуына, сондай-ақ барлық Каспий маңы мемлекетінің арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етері сөзсіз.

Сенат депутаттары заң жобасына қолдау білдірді.

Өзгелердің жаңалығы