Семейлік ұстаз «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының номинанты атанды

4 Қазан 2019, 15:36
4333
Бөлісу:
Семейлік ұстаз «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының номинанты атанды
PHOTO

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков - «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы номинанттары қатарына кірді.

"Болашақ" халықаралық стипендиясының түлегі, "Үздік педагог – 2018" республикалық сайысының жеңімпазы бұл дәрежеге өзінің еңбекқорлығы мен білім саласында көрсеткен жоғары нәтижелерінің арқасында жетіп отыр.

Асхат 12.jpg

"Әлем мұғалімі" сыйлығы - бұл ұстаздарға арналған Нобель сыйлығы. Елімізде алғаш рет бұл марапатты Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырды. Әлемдік бұл байқауға Қазақстан алғаш рет қатысады. 

Отандық ұстаздардың байқауда бақ сынауына Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры төрайымы Әлия Назарбаева мен "Варка" қорының "Әлем мұғалімі" Халықаралық байқауын ұйымдастырушылары арасындағы еікжақты ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде қол жеткен. 

"Әлем мұғалімі" ғаламдық сыйлығына үміткерлерді марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласындағы "Қазақстан" орталық концерт залында өтті. Еліміздегі сайыстың ақтық сынына республикамыздың әр өңірінен 11 мұғалім іріктеліп алынған болатын. Ендігі кезекте олар үстіміздегі жылдың желтоқсан айында халықаралық сарапшылар кеңесінің іріктеуінен өтпек. Нәтижесінде бір ғана мұғалім таңдалып алынып, әлемнің 50 елінен келетін үздік ұстаздармен сынға түсіп, ел намысын қорғайды.

Асхат 13.jpg

"Мен бұл әлемдік байқауға қатысуға 2018 жылдың қазан айынан бастап дайындалдым. Отандық білім саласының өзге елдерден еш кем емес екенін сенімді түрде айта аламын. Әлемдік сайыстың әр кезеңіне мұқият дайындалып, олардың тарапынан берілген әрбір тапсырманы тиянақты орындадым. Бұл істе өзім еңбек ететін мектеп ұжымы, оқушыларым атсалысты. Шараға қатысуды мен үшін педагогтік қызметімнің жаңа бір белесі деп түсінемін. "Болашақ" бағдарламасының түлегі ретінде біз өз Отанымыздың өркендеп, дамуына үлес қосуымыз керек. Маған осындай мүмкіндік тудырып отырған ұйымдастырушы қор мен еліміздің Білім және ғылым министрлігіне алғысым шексіз. Өз жетістіктерімнің барлығы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-да құрылған тиімді басқару мен қалыптасқан менеджменттің арқасында деп білемін", – дейді Асхат Жұмабекұлы.

Асхат Жумабеков 1.jpeg

Қоса кетсек, ғаламдық мұғалімдер сыйлығының ақтық финалы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубай қаласында келесі жылдың наурыз айында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы