Абай облысында Президенттік сайлау жалғасып жатыр. Дауыс бергендер үлесі жағынан өңір ел бойынша көш басында келеді. Денсаулығына байланысты немесе басқа себептермен сайлау учаскесіне өз бетінше келе алмайтын азаматтар үйде дауыс беруде деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Сайлауға өз бетімен келе алмайтындар үшін біз сайлау жәшіктері мен бюллетеньдерді үйлеріне апарамыз. Аға буын арасында дауыс бергісі келетіндердің көп болғаны бізді қуантады. Бұл – жастар үшін жақсы үлгі, – дейді №269 сайлау учаскесі төрағасының орынбасары Жанна Төленова.
Бүгін үйден шықпай-ақ өз таңдауын жасағандардың бірі соғыс ардагері Асқар Рахымбаев болды.
Мен сайлауға бірінші жыл қатысып отырған жоқпын. Бұл – бүкіл ел үшін өте маңызды қадам. Бүгін біз тарихтың барысына әсер ететін таңдау жасаймыз, – дейді ардагер.
Асқар Рахымбаев 1926 жылы 1 наурызда Семей облысы Ақсуат ауданы Ойшілік ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін туған ауылында тракторшы болып жұмыс істеді. 1941 жылы Ақсуат аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылды. Шығыс майданда 378-ші әскери бөлімінде атқыштар полкінің құрамында соғысқан. Румынияны фашистерден азат ету шайқастарына қатысты.
Ақсақал «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған.