Семейде жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды – Тоқаев

30 Қыркүйек 2022, 11:23
1031
Бөлісу:
Семейде жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды – Тоқаев

Мемлекет басшысы ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беру керек екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Семейде еліміздегі негізгі медицина университеттерінің бірі орналасқан. Қазір менің тапсырмаммен білім ордасы жанынан көпбейінді аурухана салу мәселесі қарастырылып жатыр. Менің тапсырмам бойынша Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы пайдалануға берілді. Балаларды оңалту орталығы салынып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады. Біз ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтарымызды оңалту мәселесіне баса мән беруіміз керек, - деді ол.

Президент Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырды.

Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозған. Жазда ыстық су жоқ, ал қыста үйлер жылынбайды. Қаладағы жылу электр орталығынан шығатын зиянды қалдықтар ауаны шектен тыс ластап жатыр. Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан, Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын. Жоба халықтың тұрмыс сапасына, сондай-ақ өңір экологиясына оң ықпалын тигізетіні анық, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді, сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет екенін айтты.

Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұр, Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы керек.  Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады.  Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту қажет. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны үш жылда салып бітіруге тиіс. Сондай-ақ, аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырамын, - деді Тоқаев. 

Өзгелердің жаңалығы