Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ақындар мүшәйрасы өтті

11 Қазан 2021, 09:06
3224
Бөлісу:
Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ақындар мүшәйрасы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  7-8 қазан күндері Семей қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған республикалық ақындар мүшәйрасы өтті. Бұл туралы adebiportal.kz сайты хабарлады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік грантының «Тарих ақтаңдақтары» саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жобасы» аясында «Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, ҚЖО Семей өңірі филиалының қолдауымен 7-8 қазан күндері Семей қаласында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған республикалық ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраға Атырау, Ақтау, Қызылорда, Түркістан, Талдықорған, Қостанай, Қызылжар, Өскемен, Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Семейден жалпы саны 25 ақын қатысты.

Мүшәйра шымылдығы Жидебай-Бөрілі сапарымен ашылды. Қазақ поэзиясының қағбасына айналған Ұлы Абайдың, Зере әже мен Ұлжан ананың мәңгілік мекені Жидебай, Мұхтар асылдың кіндік қаны тамқан Бөрілі, қос ғашық Еңлік – Кебек, қорғансыз Ғазиза, Ералы жазығы... айта берсең таусылмайтын сырлы өлкеге сапар сәтімен болды. Әр тасы тарихтан сыр ақтарып, шежіресін тарқататын бұл өңірдің таным тамыры тым тереңде, сезімтал жүрекке сан қилы әсер сыйлайтыны анық. Сапар соңы Семейге ат басын тіреп, ақындар өлең оқып, көңілдер толқыған ерекше жиынға айналды. Шымкенттен келген ақын Арайлым Мұраталиеваның оқыған өлеңі сол кешке қатысқан талай жанның ғұмырнамасындағы әдемі естелікке айналғандай...

Қылықты емен, қызға тән жоқ бұрымым,

Бір жүректің сонда да от-жырымын.

Мені ақын деп ойлайды ел, шындығында-

Тағдыр ғылымдарының докторымын!

Уақыт деген Түндер мен Таң күресі,

Күресі жоқ тірліктің мәнді несі?

Жел дегенің – Өмірдің күрсінісі,

Өмір деген-Жүректің әңгімесі

Жүрегімде басталды ізгі майдан

Кетпейікші алыстап Біз Құдайдан.

Жарты әлемге дауысым жетер ме екен,

Күзді қатты сүйемін,

Сізді Қайдам...(Арайлым Мұраталиева)

Қалқаман Сарин, Бауыржан Игілік, Мерей Қарт, Асылбек Жаңбырбай, Жұматай Көксубай, Дәурен Тілеухан, Ақжол Түменбай, Ақбота Бейбітбек, Нұрай Талап, Еламан Әшім, Қуаныш Оспан, Жарқын Жұпархан т.б. ақындардың жыры бұл кештің сән-салтанатына айналды.

Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ақындар мүшәйрасы өтті

Келер күні Семейде Алаш арыстары оқыған, қазіргі таңда Әлихан Бөкейхан университетінің ғимаратына айналған тарихи ғимаратта мүшәйра өтті. Жер-жерден келген ақындардың жыры көңіл тербеген, кейде күңірентіп, кецде мейіріміге бөлеген сезім кеші болғандай. Түркістаннан келген Рысгүл Досжан «Қарлагта ересектермен бірге халық жауларының балалары да мерзімін өтеген. Өлген балалардың әрбіріне қабір қазуға қиналған жендеттер оларды үлкен шұңқырға тастап, ортақ көмген...» деп, «Мамочкино моласы» кітабынан қанды тарихтың жүрек шыдамас шындығын айта келе:

Омыраулы жылдардың өн бойынан,

Қанмен бірге аралас сүт тамады»

– деп, сезімін жырға айналдырды.

«Әлди-әлди, фәни-көр...

Заман ғой бұл зар илер,

Бесікке жатып үлгермей,

Бейітке жатқан сәбилер» –

деп тоқтаған Рысгүлдің жыры көңілдің мұңын, өмірдің мәнін бір-ақ сәтте көз алдыңа әкелгендей болды. Сезімнің түрлі-түсті реңін көріп, тебіреніске толы жыр кешінде:

Еркіндік сублимациясы.

Бар деп ұққаным сорға айналған күні,

Сор деп ұққаным зорға айналған күні,

Қайсар ұлдар қайтпас жолға айдалған күні,

Тілім – тілім-тілім, қол байланған күні

.....Төңірегім тұтас торға айналған күні

БОСТАНДЫҚ!

Біз сенің атыңды атауға жасқандық ...

Мен сені сүйемін, Бостандық! –

деп ой қорытқан Дәулет Жадырасын бұл мүшәйраның 1-орынын иеленді.

Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ақындар мүшәйрасы өтті

«Осы жас пен жабырқау да жетеді?

Сорлы қала жасын тыйса не етеді?

Бірақ оны Желтоқсанда жаралған

КИЕ келіп, күнде түртіп кетеді» –

деп жырлаған Айнұр Төлеудің «Желтоқсанның киесі» атты өлеңі де астарлы, мағыналы көркем туынды.

Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ақындар мүшәйрасы өтті

Мүшәйра нәтижесі бойынша І орынды Қостанай облысының ақыны Дәулет Жадырасын; ІІ орынды Түркістан облысының атынан келген Рысгүл Досжанова және III орынды Талдықорғаннан келген Айнұр Төлеу иеленді.

Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ақындар мүшәйрасы өтті

«Тарих ақтаңдақтары» саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жобасы» аясында ұйымдастырылған «Қасіретті жылдар – қасиетті жырлар» атты республикалық жас ақындар мүшәйрасы  тарихты жырлай отырып, тарихқа айналған кеш болды.


Өзгелердің жаңалығы