Семейде мылтық асынған мас ер адам жұрттың зәресін алды: Итті атып өлтірген

Түн ішінде қарумен жүрген ер адамның әрекеті тұрғындарды дүрліктірді. Полиция оны ұстап, қаруын тәркіледі. Оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.

Бүгiн 2026, 13:43
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Ербол Бекболат Бүгiн 2026, 13:43
Бүгiн 2026, 13:43
153
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ербол Бекболат

Абай облысының орталығы Семей қаласында қарумен жүрген ер адамның әрекеті тұрғындарды алаңдатты. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Полицияның мәліметінше, 7 маусымға қараған түні жеке тұрғын үй тұрғындары құқық қорғау органдарына хабарласып, бұрынғы күйеу баласының итке оқ атып, оны өлімге әкелгенін айтқан.

Оқиға орнына жедел жеткен тәртіп сақшылары мас күйде болған ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Күдіктіден атыс жасалған тегіс ұңғылы мылтық тәркіленіп, оның көлігі айып тұрағына қойылды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар ер адам алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны, ұсақ бұзақылық жасағаны және азаматтық қаруды сақтау, алып жүру және пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оған берілген қаруды сақтау және алып жүру рұқсатын жою туралы шешім қабылданған. Жиналған әкімшілік материалдар сотқа жолданды, - делінген ПД ақпаратында.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаруға ұқсас зат ұстаған ер адамның Семейдегі Қарағайлы ықшамауданында жүргені туралы бейнежазба тараған болатын. Оқиға куәгерлерінің сөзінше, ол тұрғындарға қоқан-лоқы көрсетіп, кейін басқа ауданға барып, итті атып өлтірген.

Абай облысы Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы ведомство басшылығының бақылауында екенін хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Ведомство мәліметінше, полицейлердің жедел әрекетінің арқасында құқық бұзушы дер кезінде ұсталып, ықтимал ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болған.

Наверх