Семейде мектептер мен балабақшалар саны артады

19 Ақпан 2021, 12:34
1754
Бөлісу:
Семейде мектептер мен балабақшалар саны артады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы бес жыл аралығында Семейде екі орта мектеп пен төрт балабақша салынады.

Бұл туралы шаһар басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қала тұрғындары алдындағы есептік кездесуі барысында айтылды. Атап айтсақ, алдағы бес жылға арналған жоспар аясында, Семейдің Восточный кентінде 1200 орындық және Степной кентінде 300 орындық орта білім ордаларының ғимараттарын салу көзделген. Бұдан бөлек, Бобровка, Восточный кенттері мен Қарағайлы тұрғын аудандарында 1240 орынға арналған төрт балабақша салу да жоспарланған. Сондай-ақ, Семей ядролық полигоны салдарынан зардап шеккен бүлдіршіндерге арнап 150 орындық оңалту орталығын ашу да жоспарда бар көрінеді.

Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы шаһарда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі артып, негізгі капиталға құйылған инвестициялар көбейген. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары ұлғайып, жаңадан жұмыс орындары ашылған.

Өткен жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 10,2 пайызға ұлғайып, 40 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығы 3 пайызға, өсімдік шаруашылығы 17,9 пайызға артты. Алдағы жылы, 500 гектар суармалы жерді игеру және егіс алқаптарын 5,7 пайызға арттыру жоспарланған, - деді қала әкімі.

Сонымен қатар «Семей құс» кәсіпорнындағы жұмыртқа өндірісін 12 млн данаға ұлғайтып, «Қалиқанұлы» шаруашылығындағы сүт фермасын 200 сауын сиырмен толықтыру жоспарда бар.

Өзгелердің жаңалығы