Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Семейде 7 ай ішінде менингит ауруының 25 жағдайы тіркелген. Оның ішінде тек бір ғана науқас ересек қатарынан табылған. Демек, ауру балалар арасында тез таралады. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.
Семей қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Сәуле Раушанқызының және мамандардың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында серозды менингит – мидың серозды қабықтарын зақымдайтынэнтеровирустық ауру екендігі айтылды.
Барлық вирустар белгілі бір маусымда өршиді. Тұмау ауруы және герпесвирустар күзгі-қысқы кезеңдерде көп таралса, энтеровирустар мен ішек вирусынан болатын аурулар жаз мезгілінде өрши түседі.
Энтеровирустық инфекция көп жағдайда су мен тамақ арқылы жұғады. Негізгі клиникалық белгілері: дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, жүректің айнуы, лоқсу. Аталған белгілер пайда болған жағдайда өздігінен емделуге жол бермей, бірден дәрігерге көріну керек.
«Вирус табылған жағдайда адамға толық диагностика жасап, емдеу қажет. Жұқпалы ауру тамыз айында қатты өршиді. Осыған байланысты, негізгі мақсат – инфекцияның адамдардың, әсіресе, балалардың арасында таралуына жол бермеу керек. Бұл жағдай мамандардың бақылауында», - деді эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Динара Бексұлтанқызы.
Инфекцияны жұқтырмау үшін жемістер мен көкөністерді мұқият жуу, қолды жуу, үй-жайды желдету секілді қарапайым гигиена ережелерін сақтау керек. Сондай-ақ, су айдындарында және бассейндерде шомылғанда ауыз қуысына су жібермеуді қадағалау қажет.