«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданады

5 Наурыз 2021, 22:45
2394
Бөлісу:
«Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылданады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылы Семей сынақ полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Полигонның ластанған жерлерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң қабылдау жоспарлануда. Бұл туралы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.

Сонымен қатар, Министр ағымдағы жылы жалпы ауданы 18 311 шаршы км құрайтын бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағында кешенді экологиялық тексеруді аяқтау жоспарланғанын (100%) айтты. Тексеру қорытындылары бойынша бұрынғы сынақ аумағының радиоэкологиялық жағдайы айқындалатын болады.

Қазақстан әлемдік уран өндірісінің 42% - ын өндіре отырып, әлемдік табиғи уран нарығында көшбасшы орында тұрғанын Министр еске салды.

2020 жылы уран өндіру көлемі 19587,0 тоннаны құрады, 2021 жылға арналған уран өндіру жоспары 22 500-22 800 тоннаны құрайды.

Министр өз сөзінде жаңартылатын энергия көздері мәселесіне де тоқталып, 2020 жылы елдің жалпы энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі 3% - ды құрағанын еске салды. Жалпы, ЖЭК нысандары 3,24 млрд кВтсағ өндірді.

Жалпы, 2015 жылдан бастап ЖЭК нысандарының жалпы қуаты 7 есеге жуық – 240 МВт-тан 1684,7 МВт-қа дейін өсті. Бүгінгі таңда елімізде жиынтық қуаты 1684,7 МВт болатын 116 нысан жұмыс істейді, оның ішінде жел электр станциялары (486,3 МВт), күн электр станциялары (961,6 МВт), гидроэлектр станциялары (229,04 МВт) және биоэлектр станциялары (7,82 МВт) бар.

2021 жылы жалпы қуаты 381,1 МВт болатын 23 жобаны іске асырып, шамамен $370 млн.инвестиция тарту жоспарлануда.

Биылғы жылы Қазақстан жаңартылатын энергия өндірісін 9,4% -ға 3,5 млрд кВт.сағ дейін ұлғайтуға ниетті.

Өзгелердің жаңалығы