Тоқаев: Семей полигонынан зардап шеккендерге жағдай жасалу керек

26 Сәуір 2019, 12:02
8037
Бөлісу:
Тоқаев: Семей полигонынан зардап шеккендерге жағдай жасалу керек

Семей, BAQ.KZ. "Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет". Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қалысының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты.

"Қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізілуде. Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік кепілдіктердің көлемін анықтаймыз. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын" - деді Президент.

Сонымен қатар ол Семейдегі Ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты пікір білдірді.

"Өңірдегі тағы бір күрделі ахуал Семейдегі Ядролық медицина орталығының құрылысына қатысты болып отыр. Аталған мәселе 2012 жылдан бері айтылып келеді. Жағдайдың мән-жайын мен жақсы білемін. Орталықтың құрылысы әбден созылып кетті. Бұл тиісті мемлекеттік органдардың адам тағдырына соншалықты жауапсыз қарап отырғанын көрсетеді. Сондықтан, айтыс-тартысты дереу тоқтатып, елге тиімді ортақ мәмілеге келу керек. Облыс әкімі мен Денсаулық сақтау министріне орталықты жабдықтап, қысқа мерзім ішінде іске қосуды қатаң тапсырамын" - деді ол.

Мұнан бөлек Мемлекет басшысы, облыс әкіміне полигоннан зардап шеккендерге тиісті жағдай жасау қажеттігін тапсырды.

"Полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажет. Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл - шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Қалада Балаларды оңалту орталығын салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл полигон аумағына қатысты атқарылатын жұмыстар" - деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы