26 ақпан күні Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан кафелердің бірінде жарылыс болып, адам шығынына әкелген қайғылы оқиға тіркелді. Құтқару қызметтері бірнеше сағат бойы үйінді астынан адамдарды іздеп, зардап шеккендерге көмек көрсетті. BAQ.KZ тілшісі оқиғаға қатысты ресми органдар жариялаған мәліметтер негізінде оқиғаның хронологиясын ұсынады.
Жарылыс болған сәт
26 ақпан кешкі сағат 21:55 шамасында Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бір қабатты кафеде күшті жарылыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимарат ішінде газ-ауа қоспасы тұтанып, соның салдарынан жарылыс орын алған.
Жарылыстан кейін бірден өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі қираған. Қатты дыбыс маңайдағы тұрғын үйлерде де естілген.
Оқиға орнына қысқа уақыт ішінде өрт сөндірушілер, құтқарушылар және жедел жәрдем бригадалары жетті.
Алғашқы минуттар: адамдарды құтқару
Құтқарушылар ең алдымен ғимарат ішінде қалған адамдарды эвакуациялауға кірісті. Өрт арасынан бірнеше адам шығарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді.
Төтенше жағдай қызметкерлері жарылыс орнынан газ баллондарын алып шықты. Мамандардың айтуынша, бұл әрекет екінші жарылыстың алдын алуға мүмкіндік берген.
Алғашқы ресми мәліметтер
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті оқиғаға қатысты алғашқы ресми мәліметті сағат 23:52-де жариялады. Белгілі болғандай, алдын ала ақпаратқа сәйкес, оқиға салдарынан адамдар қаза тауып, бірнеше адам түрлі деңгейдегі жарақат алғаны белгілі болды. Зардап шеккендер жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Дәрігерлер ауыр халдегі науқастарға шұғыл көмек көрсете бастады.
Түнгі іздестіру жұмыстары
26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні құтқару жұмыстары тоқтаған жоқ. Мамандар үйінділерді кезең-кезеңімен аршып, адамдарды іздестіруді жалғастырды.
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, барлық қызметтердің жұмысы үйлестірілді. Аймаққа қосымша медицина қызметкерлері тартылды.
Мәліметтердің нақтылануы
27 ақпанға қараған түні зардап шеккендердің бір бөлігі санитарлық авиация арқылы Көкшетау қаласына жеткізілді. Ауыр жағдайдағы науқастар облыстық деңгейдегі ауруханаларға ауыстырылды.
Кейінірек жарияланған ресми деректер бойынша:
7 адам қаза тапқан, олардың арасында жасөспірім де бар;
26 адам зардап шеккен;
бірқатар адам ауруханада ем қабылдап жатыр, кейбіріне амбулаториялық бақылау белгіленген.
Тергеу басталды
Құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, жарылыстың нақты себептерін анықтауға кірісті. Алдын ала нұсқа – газ-ауа қоспасының тұтануы.
Жергілікті билік қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Қайғылы оқиға қоғам назарында
Щучинскідегі жарылыс өңір тұрғындарын ғана емес, бүкіл елді алаңдатты. Әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге қолдау білдіріп, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айту жазбалары жарияланды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, оқиға орнына әкімдік өкілдері аттанған.
BAQ.KZ редакциясы оқиғаны назарда ұстайды.