Щучинскідегі "қан аққан" құдық: Әкімдік күтпеген деректерді жариялады

Щучинскіде құдықтан қанға ұқсас сұйықтық ағуы қоғамда резонанс тудырды. Әкімдік тексеру жүргізіп, жаңа деректерді жария етті. Не анықталды?

 видеодан алынған кадр Бүгiн 2026, 17:21
Бүгiн 2026, 17:21
107
Фото: видеодан алынған кадр

Әлеуметтік желілерде Щучинскідегі техникалық құдықтан қанға ұқсас сұйықтық ағып жатқан видео тарады. Оқиға қоғамда резонанс туғызған соң, Бурабай ауданының әкімдігі жағдайға қатысты толық ақпарат берді. BAQ.KZ тілшісі мән-жайды анықтап білді.

Әкімдік мәліметінше, видео жарияланғаннан кейін оқиға орнына арнайы бригада жіберіліп, құдық толықтай ашылған.

Біз бригаданы жібердік, құдық толық ашылды. Ешқандай қалдық жоқ екеніне көз жеткізу үшін жұмыстар едәуір тереңдікте жүргізілді. Егер қалдықтар табылған жағдайда, олар белгіленген тәртіппен жойылар еді, – деп хабарлады әкімдік өкілдері.

Тексеру нәтижесінде жануар қалдықтары анықталмаған.

Оқиға былтыр басталған

Әкімдік өкілдері бұл құдыққа қатысты жылқының құлап кеткен фактісі өткен жылы болғанын растады.

Жылқының құдыққа құлағанын жоққа шығармаймыз. Бұл өткен жылы болған. Жануар иесінде оның құдық ішінде болғанын дәлелдейтін видео бар. Сол кезде біздің қызметкерлер де оқиға орнына барған, – делінген хабарламада.

Кейін нысанның кімге тиесілі екенін анықтау жұмыстары басталған.

Құдықтың кімге тиесілі екенін анықтау барысында оның еш жерде тіркелмегені, ешбір балансқа алынбағаны белгілі болды. Осыған байланысты сот процесі басталды, – деп түсіндірді ведомство.

Жылқының өлексесі жасырын шығарылуы мүмкін

Әкімдік өкілдері жануардың өлексесі алдын ала шығарылып кеткен болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Болжам бойынша, өткен жылы бұл құдыққа қатысы бар адамдар жануардың өлексесін өз бетінше алып кеткен болуы мүмкін. Бұл жанжалдың алдын алу үшін ескерту жасалмай жүзеге асырылған болуы ықтимал, – делінген мәлімдемеде.

Қазіргі уақытта ешкімге айып тағылмаған.

Біз ешкімді айыптамаймыз. Қазір тексеру жүріп жатыр. Егер өлексесі жоқ болса, демек ол шығарылған. Қазіргі таңда құдықтың кімге тиесілі екені анықталуда, – деді әкімдік.

Қосымша мәселе анықталды

Құдықты ашу барысында тағы бір жайт белгілі болды.

Мамандардың айтуынша, бұл құдық арқылы, шамасы, тазарту жүйесіне тиесілі ағынды сулар өтеді. Қазіргі таңда оның нақты көзі анықталып жатыр.

Сондай-ақ, құдық маңында суға түсуге тыйым салынған жасанды су қоймасы орналасқан. Ол еріген қар суларын жинауға арналған.

Сараптама тағайындалды

17 сәуір күні судан сынамалар алынып, зертханалық талдауға жіберілді. Оның ішінде биологиялық қоспалардың бар-жоғы тексеріледі.

Сараптама нәтижелері шыққан соң сұйықтықтың қайдан келгені, оның шынымен қан екені немесе еместігі, сондай-ақ желілердің кімге тиесілі екені анықталады. Ресми қорытынды шықпай тұрып, нақты тұжырым жасауға ерте, – деп атап өтті әкімдік.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Қазіргі таңда жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Информационное агентство BAQ.KZ (@baq.rus)

Наверх