Щучинскідегі «Центр плова Loft» кафесіндегі жарылысқа байланысты екі күдікті ұсталды. Оларға адам өліміне әкелген қауіпсіздік талаптарын бұзды деген айып тағылды.
Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастыруда.
2026 жылдың 20 сәуірінде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деп күдіктелуде, - деп хабарлады облыстық прокуратура.
Күдіктілердің әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306 – бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды. Аталған бап санкциясы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Күдіктілердің біріне қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, екіншісіне – үй қамағы таңдалды, - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.
Еске салайық, 26 ақпан күні сағат 21:57 шамасында Ақмола облысының Щучинск қаласында болған төтенше жағдай салдарынан жеті адам қаза тапты.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес адам оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі 2026 жылғы 26 ақпанда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Қаза тапқандардың арасында 16 жастағы қыз бар.
26 ақпанда болған кафедегі жарылыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынамыз.
Белгілі болғандай, Ақмола облысы Щучинск қаласы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың айтуынша, жарылыс ауызашар уақытында болған жоқ. Зардап шеккендердің арасында кішкентай балалар болмаған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Щучинск қаласындағы кафеде болған жарылыстан тоғыз адамның қаза табуына байланысты оқиғаға дейін нысанды тексеруге тиіс болған инспекторлардың жауапкершілігі туралы айтты.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Щучинскідегі «Палау орталығында» болған өрттен қаза тапқандар саны 12 адамға жетті.