Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкіметтен өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыйып, оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салуды талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Премьер-министр Олжас Бектеновге осы мәселеге қатысты депутаттық сауал жолдады.
Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысына «Экономикаға жаңа импульс беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен терең әріптестік орнатуы қажет» деп атап өтті. Бұл өте маңызды. Себебі кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керек. Яғни ұлттық бизнес – жеке адамдардың қолында емес, ал жаппай халықтың игілінде болуы тиіс, - деді ол.
Сайыров ұлттық буржуазияны қалыптастыратын уақыт жеткенін және бұл мемлекеттік саясатқа айналуы керек екенін атап өтті.
Осы тұрғыда жаңа Үкіметтің алдындағы басты міндет – елдің, дүйім жұрттың экономикалық белсенділігін арттыру. Халықтың бизнеске, кәсіпке деген қызығушылығын еселеп күшейту. Өйткені бізде әлі күнге дейін бизнесте, жер байлығын игеруде де монополия бар екені анық. Оған дәлел - еліміздің негізгі экономикалық көрсеткіштері 10 компанияның еншісінде, ал ірі салық төлейтіндердің саны одан да аз, - дейді Ерлан Сайыров.
Депутат 300 мыңға жуық жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтасыз етуші 2 миллионнан астам азаматтың басым көпшілігін бизнес кеңістігіне тарту қажеттігін айтты.
Ескі Қазақстан тұсында, ат төбеліндей топ еліміздің шикізат, қаржы саласына эксплуатация жасап, мемлекеттің жол, темір жолы, коммуникация саласындағы ірі мемлекеттік тендерлерге жөн-жосықсыз ие болып отырған. Қазақстан азаматтары олигархтардың кесірінен "мүмкіндіктер теңсіздігіне" ұшырап отыр. Осы үрдісті тоқтату керек. Мұндай құбылыс еліміздің экономикалық тыныс-тіршілігіне үлес қосып, кәсіпкерліктпен айналысқысы келетін мыңдаған қарапайым азаматтарға өз потенциалын көрсетуге мүмкіндік бермейді. Назарбаевтың тұсында қара нарық пен көлеңкелі схемалар арқылы олигарх болғандардың орнына, халық мүддесін ұмытпайтын «ұлттық буржуазияны» қалыптастыратын уақыт жетті, - деп айтты Ерлан Сайыров жалпы отырыста.
Депутат мынадай ұсыныстарын оқып берді:
- Өткен жүйеден мұра болып қалған олигархтардың экономикалық мүддесін қорғауды тыю мен оларға лобби жасаушы топтарға тоқтау салу.
- Ірі тендерлердің әділетті, ашық, жаңа буын бизнесмендердің потенциалын арттыруға бағыттау қажет.
- Халықта жаппай бизнес дағды қалыптастыру үшін мемлекет саясатын бұру, аудандық, облыстық деңгейде тегін бизнес дағды үйрету курстарын ашып, бизнес ашатын азаматтарға мемлекеттік арзандатылған кредит, жер беру мәселелерін шешу.