Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары Сайран көлінің үстінде салынған жаңа понтонды көпірдің тұтқалары тоқ ұрады деген шағымдарын жаппай жазуда. Мұндай жазбалар жергілікті пабликтерде тез тарап, алаңдаушылық тудырды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, аталған учаскедегі тұтқалар тот баспайтын болаттан жасалған. Көпірді жарықтандыруға арналған электр қуаты тек кешкі және түнгі уақытта беріледі, күндіз нысан толығымен тоқтан ажыратылады.
Соған қарамастан әкімдік тұрғындардан түскен шағымды қарастыратынын жеткізді.
Мәселе назарға алынды. Мердігер ұйым қосымша тексеру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде мүмкін кемшіліктерді жою және көпірдің қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады, – деп хабарлады басқарма.
Қазіргі уақытта мамандар тоқ ұру белгілерін таппаған, бірақ тексеру аяқталғанға дейін тұрғындарға көпірдің тұтқаларымен тығыз жанаспауға кеңес берді.