Нұрлан Ноғаев: Барлық сайлаушыларға ортақ бір құндылық бар

9 Маусым 2019, 12:47
1542
Бөлісу:
Нұрлан Ноғаев: Барлық сайлаушыларға ортақ бір құндылық бар

Атырау облысы, BAQ.KZ. ҚР Президенті сайлауында дауыс беруге облыс әкімі сайлау учаскесіне жергілікті уақытпен сағат 9.00-де келді.

Атырау облысының барлық жерінде ҚР Президенті сайлауы жалғасып жатыр. Жергілікті сағат 9.00-де Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында орналасқан өз сайлау учаскесіне аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев келді. Атырау облысының әкімі өңір тұрғындарын мерекемен құттықтап, дұрыс таңдау жасайтындарына сенім білдірді. 

Нұрлан Ноғаев: Барлық сайлаушыларға ортақ бір құндылық бар

"Бүгін еліміз үшін ерекше мәні бар күн. Тұрғындар ертемен сайлау учаскелеріне келіп, таңдауларын жасап жатқандарына қуаныштымын. Барлық сайлаушыларға ортақ бір құндылық бар, біз тыныштық пен келісім салтанат құрған, өз-өзін жетілдіруге барлық жағдай жасалған бейбіт елде өмір сүргіміз келеді. Біз бүгін еліміздің болашағын бірге таңдаймыз",-деді сайлаушыларға Нұрлан Ноғаев.

Айта кетейік, Атырау облысы әкімімен бірге сайлауға өңірдің ең егде жастағы тұрғыны Балзиба Мәжитова келді. 101 жастағы қария сайлау учаскесіне туыстарымен келген. 

Нұрлан Ноғаев: Барлық сайлаушыларға ортақ бір құндылық бар

"Ел Президентінің сайлауына бірінші рет қатысып тұрған жоқпын. Жасыма қарамастан сайлау учаскесіне өзім келдім. Қазақстанда ұзақ өмір сүретін адамдар жыл санап көбейе берсін, еліміз дамып, өркендей берсін деген тілектемін",-деді Балзиба әже.

Атырау облысында дауыс беретіндер тізімінде 409 679 сайлаушы бар. 

Сайлау комиссияларының жалпы саны - 271, оның 262-сі учаскелік, 9 аумақтық (облыстық, қалалық және 7 аудандық). 

Дауыс беру 262 сайлау учаскесінде жүріп жатыр. 12 сайлау учаскесіне кіру шектелген, оның 9-ы емдеу мекемелерінде, 2-еуі әскери бөлімшелерде, 1-еуі тергеу изоляторында.

Өзгелердің жаңалығы