Алдағы Құрылтай сайлауында сайлаушылардың белсенділігі 70 пайыздан жоғары болуы ықтимал. Бұл туралы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Басқарма мүшесі, білім беру сапасы мен ішкі бақылау жөніндегі проректор Индира Рыстина айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, сайлаудың 23 тамызда, яғни жаз маусымының соңында өтуі электоралдық белсенділікке белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Себебі кейбір азаматтар әлі демалыста болып, тұрғылықты мекенжайына оралмауы ықтимал. Дегенмен бұл жағдайды саяси партиялардың белсенді үгіт-насихат жұмыстары өтей алады.
Бұл жолғы сайлаудың ерекшелігі – партиялардың сайлау процесіне бұрынғыдан да белсенді араласуы. Олар тек өз бағдарламаларын насихаттап қана қоймай, жалпы сайлаудың өтетіні туралы халықты кеңінен хабардар етеді. Бұл өз кезегінде сайлаушылардың дауыс беруге келуіне оң ықпал етуі мүмкін, - деді Рыстина.
Ол 2019 жылдан бергі сайлау науқандарының статистикасына да тоқталды.
2019 жылғы президент сайлауында сайлаушылардың қатысу деңгейі 77,5 пайызды құраса, 2021 жылғы парламенттік сайлауда бұл көрсеткіш 63,3 пайыз болған. 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында қатысу деңгейі 54,2 пайызға дейін төмендеген. Ал 2022 жылғы президент сайлауында 69,4 пайыз, Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумда 73,2 пайыз, АЭС мәселесі бойынша референдумда 63,6 пайыз тіркелген, - деді ол.
Сарапшының пікірінше, соңғы жылдары ауыл және аудан әкімдерінің сайлауы, сондай-ақ республикалық деңгейдегі сайлау науқандары азаматтардың дауыс беру мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Сондықтан биылғы Құрылтай сайлауында қатысу көрсеткіші қайтадан 70 пайыздан асады деген болжам бар.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының соңғы сауалнамасы да осы үрдісті растайды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 75,6 пайызы алдағы уақытта сайлау өтсе, дауыс беруге дайын екенін білдірген, - деп атап өтті сарапшы.
Сарапшы сайлаудан кейінгі ең маңызды мәселенің бірі – 145 мандатты бөлу болатынын айтты. Оның сөзінше, бұл жолы мандаттарды бөлу кезінде тек партиялардың жинаған дауыс үлесі ғана емес, есепке алынбайтын дауыстардың көлемі де маңызды рөл атқарады.
Атап айтқанда, «бәріне қарсымын» деп берілген дауыстар, 5 пайыздық межеден өте алмаған партияларға берілген дауыстар және жарамсыз бюллетеньдер мандаттарды бөлу кезінде есепке алынбайды. Сондықтан бір партияның нақты алатын мандат саны тек жинаған пайызымен ғана анықталмайды.
Еске салайық, бұған дейін саясаттанушы Талғат Қалиев партиялар сайлау кезінде емес, күнделікті қоғаммен жұмыс істеуі керек деген болатын.