Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу реформаларды іске асыруға жол ашады - сарапшы

21 Қыркүйек 2022, 18:19
1736
Бөлісу:
Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу реформаларды іске асыруға жол ашады - сарапшы

Бұл туралы Қазақстанның қоғамдық даму институтының Талдау және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің менеджері Жақсыбек Жиенәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биліктің негізгі институттары – Президент, Парламент, Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына қатысты өтетін кезектен тыс сайлаудың уақытын алдын ала айту – еліміздің жаңа тарихындағы алғаш рет орын алып отырған жағдай. Бұған дейінгі дәстүр бойынша сайлау уақыты құпия сақталып келген. Ол туралы ақпаратты алу қиын болатын және қоғам мен халық тарапынан сайлау уақытын алдын ала неге хабарламайды деген сипаттағы түрлі наразылықтардың болғанын білеміз. Бұл жолы Президентіміз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сүйеніп, биліктің жария саясат ұстанып отырғанын көрсетті. Жалпы алғанда мұны билік пен қоғамның арасын жақындатуға бағытталған  тағы бір қадам деп қабылдасақ болады. Осы арқылы таза азаматтық қоғаммен немесе басқа да саяси ұйымдар мен мемлекет-билік арасындағы серіктестік қарым-қатынас қалыптасады деп ойлаймын. Жаңа бір саяси мәдениет қалыптасуы мүмкін, - деп атап өтті қоғамдық даму институтының өкілі. 

Айтуынша, алдағы сайлауға халық белсенді қатысады деп сенеді. Сондай-ақ жаңадан саяси ұйымдар, партиялар, президенттікке үміткер жаңа есімдер шығуы мүмкін. Сол себепті бұл сайлаудың тарихи маңызы өте зор. 

Сайлауды мерзімінен бұрын өткізу алдағы реформаларды іске асыруға жол ашады деп ойлаймын. Егер осы сайлау науқанын өткізіп алсақ, Жолдауда айтылған алда тұрған экономикалық және әлеуметтік саладағы тапсырмаларды уақытылы орындауға мүмкіндік ашылады. Президент айтқан халықтың әл-ауқатын жақсартуға байланысты шараларды алаңсыз жүзеге асырамыз, - деп атап өтті сарапшы. 

Сонымен қатар ол бұған дейін жалпы қоғамда бұрынғы Президентті сайлау жүйесі, оның мандат мерзімі, екі рет сайлану мерзімі қалмады деген әртүрлі ой айтылып келгенін алға тартты.

Бұл жерде бір ескерерлігі, Президенттің қайта-қайта сайлануы билік өкілеттіктері арасындағы қатынастарға, тіпті демократиялық үдерістерге қалай қауіп төндіретінін ел өмірінің өткенінен білеміз. Ел үшін қиын кезең болған Қаңтар оқиғасын мысалға келтіруге болады. Оны халық та сезіп отыр.  Жалпы 7 жылға бірреттік сайлау Мемлекет басшысының қолына бар биліктің тізгінін беріп қоюдың, монополия жасаудың алдын алады. Мерзімді шектеу халықтың сенімін арттырады. Сол арқылы дұрыс саяси жүйе құруға жол ашады. Нәтижесінде биліктің ауысуы мемлекет ісіндегі қалыпты жағдайға айналады, - деді Жақсыбек Жиенәлиев.

Өзгелердің жаңалығы