Сайлау тыныш, ашық әрі ұйымдасқан жағдайда өтті – Қайрат Айтуғанов

Қайрат Айтуғанов «Ауыл» партиясының көрсеткен нәтижесін сайлаушылар сенімімен қатар үлкен жауапкершілік деп бағалап, партияға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтты.

24 Тамыз 2026, 01:32
АВТОР
 24 Тамыз 2026, 01:32
24 Тамыз 2026, 01:32
181

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов Құрылтай сайлауынан кейін мәлімдеме жасап, дауыс беру процесін ашық әрі ұйымдасқан түрде өтті деп бағалады.

Ол Президенттің дәйекті саяси бағыты мен ауқымды реформалары ел дамуында жаңа кезеңге жол ашып, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуының маңызын арттырғанын атап өтті.

Партия сайлау күні дауыс беру барысын бақылап, өңірлермен тұрақты байланыста болған. Қайрат Айтуғановтың айтуынша, елеулі кедергілер тіркелмей, сайлау заңнама талаптарына сәйкес тыныш жағдайда өткен.

«Сайлау тыныш, ашық әрі ұйымдасқан жағдайда өтті. Күні бойы өңірлермен тұрақты байланыста болып, дауыс беру барысын бақыладық. Азаматтардың өз таңдауын еркін жасауына қажетті жағдай жасалды», – деді партия төрағасы.

Қайрат Айтуғанов «Ауыл» партиясының көрсеткен нәтижесін сайлаушылар сенімімен қатар үлкен жауапкершілік деп бағалап, партияға қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтты.

«Сіздердің әрбір дауыстарыңыз – бізге бұдан да көп әрі жауапкершілікпен жұмыс істеуге берілген аманат. Сайлау аяқталады. Жұмыс жалғасады», – деді Қайрат Айтуғанов.

Сайлаудың түпкілікті нәтижесін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жариялайды.

Наверх