Сайлау күні жәшікке артық бюллетень салу дерегінің болғаны рас - Нұрлан Әбдіров

27 Наурыз 2023, 16:17
1638
Бөлісу:
Сайлау күні жәшікке артық бюллетень салу дерегінің болғаны рас - Нұрлан Әбдіров
Фото: Арман Мухатов

Сайлау күні дауыс беру жәшігіне артық бюллетеньдер салу дерегі болған. Мұны Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

№279 сайлау учаскесінде, бұл Қарағанды облысы Саран қаласында артық бюллетеньдердің жәшікке салынып жатқаны туралы видео болды. Бұл жағдай зерттелді, прокуратура органдары мұны қолға алып, айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Комиссия төрағасы мен қоғамдық бірлестіктердің бірінің байқаушысы бірден жұмыстан шеттетілді, - деп түсіндірді ОСК төрағасы баспасөз мәслихатында. 

Айтуынша, осыған ұқсас жайт Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіндегі №455 учаскеде де тіркелген. Хатшы мен учаскелік комиссия мүшесіне айыппұл салынып, олар да жұмыстан шығарылғаны белгілі болды. 

Комиссия мүшелеріне егер ол (бұзушылық – ред.) расталса, бірден прокуратура органдары мен тікелей комиссия тарапынан шара қолданылып отырды, - деді Нұрлан Әбдіров. 

Еске сала кетейік, бұған дейін 1 млн теңгеден астам сайлау жарнасы кімдерге қайтарылатыны туралы жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы