Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Партиялардың Мәжіліске өтуі үшін 5 пайыздық меженің ұсынылуы партиялық жүйені жетілдіруге, жаңа саяси партиялардың пайда болуына түрткі болуы қажет. Қоғамда ондай сұраныс бар, дейді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің саясаттану мамандығының ІІІ курс докторанты Елдос Жұмағұлов.
Президент бүгін саяси реформалардың жалғасатынын жариялады. Саяси реформалар не үшін қажет? Көрсеткіш үшін бе, әлде басқа елдерге есеп беру үшін бе? Әрине, бұл реформалар ең алдымен өзімізге қажет. Себебі біз қосылғымыз келетін дамыған елдер қатарында болу үшін, мықты экономикамен қатар, қоғамның барлық салаларының да дамуы, тиімді жұмыс істеуі маңызды. Ең алдымен, бұл саяси жүйеге, оның ішінде мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институттарға да байланысты. Парламент болсын, саяси партиялар болсын тиімді қызмет атқарса қоғамдағы көп мәселелер шешілер еді, - деді ол.
Сарапшы мәжіліс пен мәслихат мінберінен халық мүддесін қорғайтын партияларға деген меженің жыл сайын жоғарылап, жауапкершілік жүгінің артып жатқанын айтады.
Сайлау бюллетеньдерінде «барлығына қарсымын» деген бөлікті қосу сайлауға тұрғындардың қатысуы көрсеткішін жоғарылатып, наразы пікірді де ескеруге мүмкіндік береді. Бұрыннан сұранып тұрған реформалардың бірі – жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру. Ауыл әкімдерін сайлау оларға өз қызметін тиімді атқара алатындай құзірет пен мүмкіндіктер берумен жалғасса дұрыс болғаны. Олан әрі аудан және қала әкімдерін халықтың өзі сайлайтын уақыт та жеткен секілді. Онлайн-петиция институты да қазіргі ақпараттық қоғам сұранысы. Қоғамдық бақылау құралдарын жетілдіру мемлекеттік жүйенің тиімді жұмыс істеуіне себепші болары сөзсіз, - деді саясаттанушы.