Еліміздің басым өңірінде Мәжіліс және мәслихат депутаттарына дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
18.00-дегі ақпаратқа сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың аумақтық комиссиялары ұсынған деректер бойынша Астана уақытымен сайлауға ел тұрғындарының жартысынан астамы дауыс берген. Яғни дауыс беруге бюллетень алған азаматтардың саны - 6 390 046 азаматты құрады. Бұл жалпы сайлаушылардың 53,11 пайызына тең.
Айта кетерлігі, дауыс беру әлі 5 өңірде жалғасуда. Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында сайлау учаскелері елорда уақытымен сағат 21-00-де жабылады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 12 шетел мемлекетіндегі 13 учаскесінде дауыс беру басталды. 92 учаскеде аумақтық комиссиялардың Конституциялық заң аясында қабылданған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 6-да басталды. 5 өңірдің: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының 1887 учаскесінде дауыс беру Астана уақытымен сағат 8.00-де басталған болатын.
Ал сағат 19:00-дегі жағдай бойынша шетелде 11 учаскелік сайлау комиссия өз жұмысын аяқтады. Олардың қатарында: Сеул, Токио, Пекин, Сингапур, Куала-Лумпур, Ұлан-Батыр, Гонконг, Шанхай, Бангкок, Джакарта мен Ханой қалалары бар.
Шетелдегі дауыс беру 20 наурыз күні сағат 09.00-де Сан-Франциско қаласындағы сайлау учаскесінде аяқталады.