Парламент Мәжілісіне бірмандатты округтен кандидаттар мен саяси партияларға сайлау жарнасы қайтарылатын болды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жарна өз округі бойынша 5 және одан да жоғары пайыз сайлаушылар дауысын жинаған бірмандатты округтен түскен кандитаттарға қайтарылады.
Мәжіліске бірмандатты округтен 370 кандидаттың 104-іне сайлау жарнасы қайтарылады. Қалған 266 кандидат тиісті 5 пайыз дауысты жинай алмаған. Сайлау жарнамасы екі партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен Respublica партиясына қайтарылады. «Байтақ» партиясы тиісті межені жинай алмады, қалған партиялар «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 88-бабына сәйкес сайлау жарнасын енгізген жоқ. Себебі олар бұған дейін Мәжіліс сайлауына қатысып, сайлаушылардың 5 пайыздан артық дауысын жинаған, - деп түсіндірді ОСК мүшесі баспасөз мәслихатында.
Айта кетерлігі, Мәжіліс сайлауына кандидаттар тізімін ұсынған партиялар Орталық сайлау комиссиясының есепшотына тізімдегі әр тұлға үшін 15 АЕК немесе 1 млн 50 мың теңге көлемінде жарна енгізді. Бірмандатты округтер бойынша кандидаттарға да қойылған талап дәл сондай болды.