Сайланған ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыратын бағдарлама әзірледік – Ерлан Әбіл

30 Маусым 2021, 09:26
1796
Бөлісу:
Сайланған ауыл әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыратын бағдарлама әзірледік – Ерлан Әбіл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтетіні белгілі. Осы орайда сайланған ауыл әкімдерінің жеке және кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы бағдарлама әзірленді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл мәлім етті.

Ауыл әкімдерін сайлау мемлекеттік дамудағы маңызды кезеңнің бірі. Өйткені, ауыл халқы басшыны өзі таңдайды, олар елдімекеннің жағдайы мен ондағы мәселені шеше алатын азаматтарды жақсы біледі, осы орайда халыққа таңдау құқығы беріліп отыр. Оның үстіне бұл үрдіс Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отыр. Екіншіден, орталықтандырылған мемлекеттік басқару жүйесімен ғана жұмыс істемей, сонымен қоса жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басымдық беріледі. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бар, ауыл әкімдерін сайлау соның жемісі десекте болады. Яғни халық әкімді сайлау арқылы өз үнін билікке жеткізіп отыр, - деді Е. Әбіл. 

Оның айтуынша, ауыл әкімдерін сайлаудың жауапкершілігі зор және бастысы ол ашық әрі әділ өтуі тиіс. 

Тағы бір маңызды сәт, ауыл әкімдерін сайлауда жауапкершілік Орталық сайлау комиссиясының емес жергілікті сайлау комиссиясының мойнында болмақ. Ол дегеніміз сайлаудың әділ және ашық түрде өтуі, оның нәтижесінің халықтың көңілінен шыққаны абзал. Сонымен қатар сайлауда жеңген ауыл әкімі халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың мұң-мұқтажын шешуге тәуелді болады, себебі халық оған үміт артып, өз даусын берді. Және ауыл халқы да өз мәселелерін шешуде сайлаған әкіммен бірлесіп қызмет етуге ниетті болады. Жалпы әкім халыққа жақын болуы керек. Сондай-ақ көшбасшылық қасиеттің болуы да міндетті және кез келген мәселеге қатысты оңтайлы шешім қабылдай алуы тиіс, - дейді ол. 

Одан бөлек, академия басшысы ауыл әкімдеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламасының әзірленгенін айтты. 

Біз өз тарапымыздан ауыл әкімдеріне елді басқаруда қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз. Қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, сайланған ауыл әкімдерін жеке және кәсіби құзыреттілікке баулитын арнайы бағдарламаның жобасын әзірледік. Бүгінде ол келісу үстінде, бекітілген соң әкімге керекті басты 2 құзыретті үйрететін боламыз. Алдымен жеке бас құзыреттілігі. Ол дегеніміз сөйлесу, өзін-өзі ұстау және көшбасшылық қасиет. Екінші, кәсіби құзыреттілік. Әкім болғаннан соң ол мемлекеттік сатып алу, салық саясаты, бюджет кодексін жіті меңгеруі керек, міне осы орайда біз оған өз білімін жетілдіруіне көмектесетін боламыз. Аталған бағдарламаны меңгеру курсы 120 сағаттан тұрады. Және оны офлайн немесе онлайн түрде өткізу қарастырылып отыр, ол елдегі карантиндік ахуалға байланысты болады, - деді ректор.



Өзгелердің жаңалығы