Саяжайлардың өртеніп кетуіне кінәлі зейнеткер 30 мың теңге айыппұл төлейді

3 Мамыр 2023, 11:30
746
Бөлісу:
Саяжайлардың өртеніп кетуіне кінәлі зейнеткер 30 мың теңге айыппұл төлейді
Фото: автордан

Ертіс өңірінде саяжай өрті толастамай тұр. Бірнеше апта ішінде жүздеген учаске жанып кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Бірнеше күн бұрын тілсіз жау салдарынан 100-ден астам саяжай учаскесі жермен-жексен болды. Сала мамандарының мәліметінше, алты гектарлық жер жанып кетті. Десе де, өртеніп кеткен 106 саяжай нысанының үштен бір бөлігі қолданыста болған.

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ренат Валишановтың айтуынша, сәуір айында облыс орталығының аумағында ірі бес өрт тіркелген.

Қызыл жалын «Металлург», «Нефтяник», «Яблонька», «Южный» және «Энтузиастов» саяжайларын шарпыды. «Металлург» аумағы қатты зардап шекті. Өткен аптаның жұма күні 300-ге жуық учаске өртеніп кетті. Олардың ішіндегі 90 саяжай иесі бар. Бүгінгі күнге дейін оқыс оқиғаға кінәлі азамат анықталды. Зейнеткер қоқыс жағып, салдарынан өрт көршілес аумақтарға тарап кеткен. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды, яғни, 30 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал «Яблонька» шаруашылығы бойынша кінәлілерді анықтау және материалдық шығын көлемін есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде 106 учаске жанып кетті, - дейді Ренат Валишанов.

Өртпен күрес жұмыстарына жеке құрамның 200-ге жуық маманы мен 35 арнайы техника жұмылдырылды. Атқарушы билік органдары мен бағбаншылық өкілдері де көмекке келді.

Мамандардың айтуынша, өрт сөндіруде қиындықтар бар. Мәселен, қазіргі уақытта саяжайларда жазғы су жіберу басталған жоқ. Техникалық су беру бір жұмадан соң басталады. Сонымен қатар  күнде жарияланатын дауылды ескертулер мен адамдардың абайсыздығы да кері әсерін тигізді.

Келтірілген шығын көлемін анықтау да қиынға соғып отыр. Саяжай иелеріне келтірілген материалдық шығын көлемін есептеу үшін арнайы сараптама қажет. Оны жүргізу мүмкін емес, өйткені  учаске иелерінің қолында жер туралы құжаттан басқа дәлел жоқ. Яғни, үйлер нысан ретінде ресімделмеген, - дейді Ренит Валишанов.

Өрт оқиғалары жыл сайын қайталануына қарамастан, тиісті шаралар қолға алынған. Мамандар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саяжайларды түгендеп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы