Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы биліктің барлық тармағы мемлекеттің атын иемденген ұлт тілінде сөйлейтіндей заң қабылдамайынша, ширек ғасырдан бері тіл туралы айтылып келе жатқан үгіт-насихат жұмысының нәтижесі мардымсыз болып қала беретіндігін айтты. Бұл туралы депутат facebook-тегі парақшасында жазды.
Парламент – Конституция бойынша биліктің үлкен тармағы, яғни заңдар қабылдайтын мемлекеттік орган. Өкінішке орай, осы кезге дейін елімізде тек екі заң ғана мемлекеттік тілде, қалғандардың барлығы ресми тілде жазылған, - деді.Депутат бірқатар елдің өз заңын ана тілінде жазып, кейін орыс тіліне аударатынын айтты.
Әлемді былай қойып, бұрынғы Кеңестер Одағы мемлекеттерінің ішінде көлемі жапырақтай Прибалтика, Кавказ, көрші Орта Азия елдері соңғы отыз жылдан бері заңдарын өз тілдерінде жазып, қажет болса орыс тіліне аударады. Біз ресми тілде жазамыз, сосын қазақ тіліне аударамыз. Айтарға сөз жоқ. Ұлттық намыс, Ұят деген ұғымдар тәуелсіз ел болғанымызға отыз жылдай болса да отаршылдық сананың қатпарында әлі ұйықтап жатыр. Ұлтымыздың зиялы қауымы да, Парламентте бізге дейінгі депутаттар да, біз де осы мәселені шырылдап айтқанымызбен баяғы жартас бір жартас болып қалуда. Ұлттың ҰЛТ екенін айқындайтын ең негізгі белгісі – оның тілі. Ойланып көрейікші, мемлекеттің тілі – сол қоғамның барлық саласында толыққанды қолданылмаса оны қандай қандай ұлтқа жатқызамыз? Бір нәрсе ақиқат, біздің барлық билік тармақтары мен заңдарымыз мемлекеттің атын иемденген ұлт тілінде сөйлейтіндей ЗАҢ қабылдамайынша, ширек ғасырдан бері тіл туралы айтылып келе жатқан үгіт-насихат жұмысының нәтижесі мардымсыз болып қала береді. Саяси шешім қабылдайтын уақыт әлдеқашан келді... – деп жазды Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.