Саяси сахнада ірі өзгеріс болуы мүмкін: Сарапшы болжамы

Бүгiн 2026, 20:05
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 20:05
Бүгiн 2026, 20:05
191
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

AMANAT партиясы мен жаңадан құрылған «Әділет» партиясының бірігу ықтималдығы өте жоғары. Мұндай пікірді «Еуразиялық мониторинг» талдау зерттеулері орталығының директоры Әлібек Тәжібаев білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда бұл мәселені болжам емес, нақты мерзімдері белгіленген саяси процесс ретінде қарастыруға болады.
Мен бұл сценарийдің жүзеге асу ықтималдығын өте жоғары бағалаймын. Тіпті бұл енді гипотеза емес, нақты мерзімдері бар басқарылатын саяси процесс. 6 маусымда өткен AMANAT саяси кеңесінің кезектен тыс отырысында мүшелердің басым бөлігі бірігу идеясын ашық қолдады. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та "мұндай шешім қабылданады деп ойлаймын" деп мәлімдеді, - деді Тәжібаев.

Сарапшының сөзінше, бірнеше қазақстандық басылым тәуелсіз дереккөздерге сілтеме жасап, бірігу мәселесі 12 маусымда өтетін AMANAT партиясының XXVI съезінің күн тәртібіне енгізілгенін хабарлаған.

Мәселе съезд деңгейіне шыққан кезде бұл жай талқылау емес, рәсімдеу кезеңіне өтеді. Сондықтан бұл қазірдің өзінде шешімі анықталған мәселеге жақын, – деді ол.

Партиялық жүйеде не өзгереді?

Әлібек Тәжібаевтың пікірінше, сырттай қарағанда елдегі партиялар саны айтарлықтай өзгермеуі мүмкін, алайда саяси ықпал тұрғысынан үлкен шоғырлану жүреді.

Формалды түрде партиялық алаң бұрынғыдай жеті-сегіз партиядан тұрады. Бірақ мазмұндық жағынан алғанда ықпалдың шоғырлануы күшейеді. AMANAT-тың шамамен 800 мың мүшеден тұратын инфрақұрылымы мен президент әкімшілігін бұрын басқарған Дәдебайдың командасының ресурстары бір құрылымға бірігеді. Кейбір сарапшылар біріккен партия мүшелерінің саны миллион адамға жетуі мүмкін деп болжап отыр. Бұл жай ғана партия емес, партиялық бренді бар мемлекеттік институтқа айналуы мүмкін, - деді сарапшы.

Оның айтуынша, Құрылтайға депутаттарды пропорционалды жүйе арқылы сайлау жағдайында әрбір пайыздық дауыс мандаттарға тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай құрылымның саяси артықшылығы бұрынғыдан да күшейеді.

«Саяси бәсеке әлсірейді»

Сарапшы бірігу саяси бәсекені күшейтпейді, керісінше әлсіретеді деп есептейді.

Біріншіден, элита ішіндегі бәсеке азаяды. Егер "Әділет" дербес саяси күш ретінде қалыптасқанда, ол AMANAT-тағы ескі буын мен жаңа команданың арасында пікірталасқа түрткі болар еді. Бірігу бұл динамиканы тоқтатып, барлық қайшылықты партия ішіне көшіреді. Екіншіден, қалған партиялар үшін - Respublica, ОСДП, "Ауыл", "Байтақ", "Ақ жол" үшін ықпалды президентшіл блокпен бәсекелесу бұрынғыдан да қиындай түседі, – деді Тәжібаев.
Ол 2024 жылғы сайлауда AMANAT партиясы 53,9 пайыз дауыс жинағанын еске салды.

Ол кезде президентшіл лагерьдің өзі салыстырмалы түрде бөлшектенген еді. Ал жаңарған әрі біріккен құрылым Құрылтайға алғашқы сайлауда бұдан да жоғары нәтиже көрсетуі мүмкін, - деді сарапшы.

Бірігудің басты себептері қандай?

Әлібек Тәжібаев бірігуге әсер етіп отырған үш негізгі факторды атады.

Біріншісі - электоралдық фактор.

Бір саяси алаңда екі президентшіл күштің болуы электораттың бөлінуіне алып келеді. Сонымен қатар мыңдаған әкім мен мәслихат депутатының алдында қай партияны таңдау керек деген мәселе туындайды. Билік тамыздағы сайлау алдында мұндай ұйымдастырушылық тәуекелге жол бере алмайды, - деді ол.

Екінші себеп - символикалық жаңару.

AMANAT әлі де Назарбаев дәуірінің саяси мұрасымен байланыстырылып келеді. Ал "Әділет" жаңа атау, жаңа бренд және жаңа буынмен байланыстырылады. Сондықтан бұл брендті қосу арқылы AMANAT өзін "Жаңа Қазақстан" тұжырымдамасымен байланыстырып, жаңаруға тырысып отыр, - деді сарапшы.

Үшінші фактор – аппараттық ресурс.

Дәдебай – қатардағы партия жетекшісі емес. Оның президенттік аппаратпен тікелей байланысы бар. Сондықтан оның командасын бір құрылымға енгізу билік үшін ресурстарды басқарудың тиімді тәсілі болып саналады, – деді Әлібек Тәжібаев.

Бұрынғы бірігулерден қандай айырмашылығы бар?

Сарапшы қазіргі жағдайдың бұрынғы партиялық бірігулерден айтарлықтай ерекшеленетінін атап өтті.
2006 жылы "Нұр Отанға" "Асар", Азаматтық және Аграрлық партиялар қосылды. 2022 жылы AMANAT ADAL партиясын өз құрамына енгізді. Бірақ қазіргі процестің бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, бұрынғы бірігулер тұрақты конституциялық жүйе жағдайында өтті. Қазір жаңа Конституция қабылданып, парламенттің жаңа моделі қалыптасып, сайлау ережелері өзгеріп жатыр. Сондықтан партиялардың бірігуі саяси жүйені қайта құру процесінің бір бөлігіне айналып отыр, – деді ол.

Тәжібаевтың пікірінше, қазіргі жағдайда AMANAT үшін «Әділет» партиясының инфрақұрылымынан гөрі оның бренді маңыздырақ.
Бұл жолы AMANAT басқа партияның құрылымын емес, "Әділет" атауы арқылы жаңа идеологиялық ресурс алуға ұмтылып отыр. Сондықтан бұл бірігудің саяси мәні бұрынғы процестерден әлдеқайда терең, - деп айтты сарапшы.

Наверх