Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу ережелерін әзірледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақшалай өтемақы алуға құқығы бар азаматтар ақшалай өтемақы тағайындау үшiн тұрғылықты тұратын жерi бойынша ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкілетті ұйымға мыналарды ұсынады:
1) бекітілген нысан бойынша өтiнiш;
2) жеке басты куәландыратын құжат;
3) ақшалай өтемақы алу құқығын растайтын құжат (прокуратура органдарынан немесе сот органдарынан заңның 22-бабында көрсетілген орындарда болған кезеңі көрсетіліп ақталғаны туралы анықтама).
Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балалары үшін қосымша:
- туу туралы куәлік не тууды мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасынан үзінді көшірме, прокуратура органдарынан немесе сот органдарынан заңның 22-бабында көрсетiлген орындарда болған кезеңі көрсетіліп ата-анасының біреуінің ақталғаны туралы анықтама.
- Ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегі уәкiлетті ұйым жеке басты куәландыратын құжаттар, тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтерді «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Ақшалай өтемақы тағайындау үшiн қажеттi құжаттардың түпнұсқасы және салыстырып тексеру үшiн көшiрмелері аудандық (қалалық) ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi ұйымдарға ұсынылады.
Салыстырып тексерілгеннен кейiн құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушiге қайтарылады.
Ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi аудандық (қалалық) уәкiлеттi ұйымдардың жұмыскерлерi құжаттардың көшiрмелерiн растайды, iстердi қалыптастырады, ақшалай өтемақы тағайындау туралы шешiмдердiң жобаларын дайындап, оларды бес жұмыс күні ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкілеттi ұйымдарына жібередi.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi ұйымдары iстерді және ақшалай өтемақы тағайындау туралы шешiмдердің жобаларын бес жұмыс күні ішінде ақшалай өтемақы тағайындау жөнiндегi тиiстi уәкiлеттi органға жібереді.
Ақтау туралы анықтамада бас бостандығынан айыру орындарында, психиатриялық мекемелерде, арнайы қоныстарда болған уақыты, сондай-ақ бас бостандығы шектеулi жағдайда мәжбүрлi еңбекке (оның iшiнде «еңбек армиясы», «НКВД жұмысшылар колониясы» деп аталатындарда) тартылған уақыты туралы ақпарат жеткiлiксiз көрсетiлген жағдайда ақшалай өтемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi органдар мен ақшалай өтемақы беру жөнiндегi уәкiлетті ұйымдар прокуратура органдарының архивтерінен қосымша анықтамаларды сұратып алуға құқылы.
Ақшалай өтемақы төлеу тәртiбi
- Ақшалай өтемақылар төлеудi ақшалай өтемақы төлеу жөнiндегi уәкiлеттi ұйым ақшалай өтемақы беру жөнiндегі уәкiлетті ұйымдар арқылы ақшалай өтемақы тағайындау жөнiндегi уәкілетті органдардың шешiмiне сәйкес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар алушылардың банк шотына есептеу жолымен жүзеге асырады.
- Егер ақшалай өтемақы есептелген, бiрақ ақталған адам қайтыс болуы себебiнен алынбаған жағдайда өтемақының тағайындалған сомасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мұрагерлерiне төленедi.
«Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрық жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның 15-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді.
Атап айтқанда, орталықсыздандыру және мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді бөлу бойынша жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына ақшалай өтемақы төлеу қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша құзырет халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның деңгейіне, яғни Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні жыл сайын 31 мамырда атап өтіледі.
Құжат 1 маусымға дейін ашық талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.